Алматыда ағаштарды аяусыз отағандар жауапқа тартылады
23 қараша күні Төле би даңғылының бойында орналасқан ірі сауда үйінің жанындағы жайқалған тоғыз емен және төрт қарағаш бір түнде оталған. Бұған тұрғындар наразылық білдіріп, әлеуметтік желіде жазды. Аталған мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілігіп, қала әкіміне кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды. Қазір аудан әкімдігі, Полиция департаменті және Жасыл экономика басқармасының мамандары кесілген ағаштардың тұқымы мен сапасын анықтау үшін оқиға орнында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кінәлілер анықталған соң міндетті түрде жауапқа тартылады.
Кенесары Бағбанұлы, қала прокурорының көмекшісі:
- Алматы қаласының мамандандырылған табиғаттты қорғау прокуратурасы осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 340-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Ол бізде, яғни ағаштарды, бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру фактісі бойынша іске асады. Бұл 120 АЕК көрсеткішіне тең немесе 30 күнге дейін қамауға алынады. Қазір сараптама тағайындалды. Соның нәтижесі бойынша нақты шешім қабылданады.