Семейде «Абай әлемі» сериясымен тағы 22 кітап жарық көрді
2018 жылы қолға алынған игі бастама бес жылға арналған. Қазірдің өзінде жалпы таралымы 43 мыңнан асатын 50 кітап жарық көрді.
ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан «Абай әлемі» кітаптар сериясының мақсаты – өңірдегі ақын-жазушылардың бай мұрасын кеңінен насихаттау. Көптеген дүние бұрын еш жерде жарық көрмеген. 2018 жылы Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің шығармалары кеңінен дәріптелді.
Мұхамед Сіләмжан, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың қызметкері:
- 2019 жылы басты назар жастардың шығармашылығына аударылды. Себебі елімізде жастар жылы болып жарияланды. Өңіріміздің жас ақындарының шығармалары осы кітап сериясы аясында жарық көрді. Биылғы жылдың ерекшелігі – хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған серия. Және кітаптардың басым көпшілігі ұлы Абай шығармашылығын зерттеу және абайтанушы ғалымдардың еңбектері, Абай, Құнанбай жөнінде жазылған кітаптар болып табылады.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада онлайн режимде өткен таныстырылымға өңірден ғана емес, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан танымал қаламгерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысып, жаңа кітаптарға жоғары бағасын берді.
Мерей Қарт, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:
- Бұл жобаның ғұмыры ұзақ деп ойлаймын. Өйткені «Абай әлемі» деген аты да, заты да, рухани салмағы да, классикалық шығармалар елдің сүзгісінен өтіп, халықтың руханиятына, ертеңгі мол мұрасына айналатын дүниелер болатынына сөзсіз сенеміз.
Бұл жоба 2022 жылға дейін жалғасады. Алдағы жылы балалар әдебиеті мен бұрын назардан тыс қалған қаламгерлердің шығармалары қамтылатын болады.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы