Қарағанды облысында газдандыру жобасының бірінші кезеңі аяқталуға жақын
Келесі жылдың жазында алғашқы 3 мың үй табиғи отынға қол жеткізеді. Тұтынушылар үшін тариф қанша болмақ?
Қарағанды іргесіндегі бұл станция «Сарыарқа» магистарльды газ құбырынан келген табиғи отынның қысымын бәсеңдетіп, тазалап, тұтынушыға таратады. Әзірге мұндай нысан өңірде үшеу. Теміртау мен Жезқазған қалаларының маңына да орнатылған. Мұнда барлық жұмыс автоматты түрде жүзеге асады.
Бөкенбай Бейсенғалиев, Теміртау желілік өндірістік басқарма бастығы:
– Сағатына 110 мың куб.метр табиғи газды өткізу қуаттылығы бар. Бұл дегеніміз тәулігіне 2 миллион 640 мың куб.метр газбен тұтынушыларды қамтамасыз ете аламыз. Қарағандыға тәулігіне 2 миллион 640 жеткілікті халыққа.
Аймақта газдандыру жобасының алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Келесі жылдың жазында 3 мың үйге табиғи отын беріледі. Қазір құбыр әр үйдің іргесіне дейін жеткен, енді ішке тарту ғана қалды. Оның облыстағы орташа құны 400 мың теңге болмақ. Ал тариф тек содан кейін бекітіледі.
Нұрсұлтан Жиенбаев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
– Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында әр текше метрі 34,6 теңге болып бекітілді. Ал бізде Қарағандыда одан да арзан болу керек. Табиғи отынның құны абоненттердің қосылуына тікелей байланысты. Яғни тұтынушы көп болса, газ бағасы да арзандайды.
«Алты ай от жағатын ауылдар газға көшкенде аймақтың экологиялық жағдайы да күрт жақсарады», – дейді мамандар. Кейін өңірдегі өндіріс ошақтары да кезең-кезеңімен көгілдір отынға көшпек. Жалпы жоба бойынша келешекте облыстағы 9 қала мен 114 елді мекен табиғи газбен қамтылады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев