Таразда «Елбасы: Тәуелсіздік. Даму. Тұлға» тақырыбында облыстық конференция өтті
Жиынға белгілі саясаткерлер, профессор-ғалымдар, спортшылар мен кәсіпкерлер қатысты. Олар Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жаңғыру моделін талқылады.
Алғаш Тәуелсіздік алғанда Елбасының тайсалмай, тағдыр шешті батыл қадамдарға барғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстан бүгінде төрткүл дүниеге түгелдей танылған мемлекет болып қалыптасты. Өз орны, ұстанған бағыты, жеткен жетістіктері жетерлік. Нәтижесінде экономика өрлеп, тұрмыс түзелді. Бұл – факт.
Конференцияға жиылғандар Қазақстанның соңғы 29 жылдағы тарихи кезеңін талқылады. Тәуелсіз еліміздің қалыптасу жолындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен маңызды реформалары туралы айтты.
Әмзебек Жолшыбеков, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы:
– Ол тек қана біздің елдің шаңырағын көтеріп, керегесін бекіткен жоқ. Ол Дүниежүзілік қауымдастыққа сіңірген еңбегі зор. Оны бүкіл дүниежүзілік қауымдастық мойындайды. Облыс жұртшылығын мерекемен құттықтап, еліміздің аспаны ашық болып, бірлігіміз арта берсін!
Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын дүйім жұрт үмітін үкілеп Елбасыға сенді. «Әуелі экономика, кейін саясат» деген стратегияны ұстанған Тұңғыш Президент халықты сол аласапыран дәуірден алып шықты. Әлемнің көп елі тарихи тұлғаны дана саясаткер ретінде танып, мойындайды.
Мұқаш Ескендіров, Қазақстанның Еңбек ері:
– Барлық жылдардың ішінде біз президенттік институттың Қазақстанда орын алды. Сол 30 жылдың ішінде біздің Тұңғыш Президентіміздің институты сіңіп кетті ғой деп ойлаймын. Сондықтан барлық қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтаймын!
Еңсесі биік ел қашан да Елбасының еңбегін бағалайды. Тұрақтылық пен келісім жарасым тапқан Қазақстан Тұңғыш Президент салған сара жолдан таймасы анық.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан