COVID-19: Індетпен күресте қазақстандық әйелдердің де үлесі зор
Мінекей, «Әйел 40 жанды» деген тағы осы. Бір қолмен әлемді, екінші қолмен бесікті тербетіп жатамыз.
Елордада БҰҰ-ның 75 жылдығы шеңберінде «Әйелдер COVID-19-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде» атты фотокөрме басталды. Онда 15 қазақстандық күрескер әйелдің таңғажайып оқиғасы қамтылады.
Әсел Қаниязова біздің қоғамға не жетіспейтінін жақсы біледі. Қарапайым қайырымдылық. Бәлкім қарапайымдылық әрі қайырымдылық. Індет күшіне мінгенде Әсел қасына өзі секілді жанашыр жандарды жинап, дәрігерлерге тамақ тасыды, әлжуаз отбасыларға көмектесу – күнделікті ісі.
Әсел Қаниязова, II топтағы мүгедек, «Дәрігерді тамақтандыр» акциясын ұйымдастырушы:
– Заман өзгерді дейді, уақыт өзгерді дейді. Ештеңе де өзгерген жоқ. Күн атады, солай батады. Жаңбыр жауады. Өзгерген біз, адамдар. Бізге мысқалдай болса да мейірімділік жетіспейді.
Күдігі көп сол күрделі кезеңде бас дәрігердің Емдеу ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындағанда Тамара Әбдіраованың абдырап қалғаны рас. Бірақ науқастардың көзінен қорқынышты көргенде түйсігімен түсінді – күресу керек. Басқа жол жоқ.
Тамара Әбдірова, дәрігер:
– Бізге өкпесі 100% қабынған 20 науқас келіп түсті. Біз олардың бәрін аман алып қала алмадық, әрине, 4 адам қайтыс болды, ал қалған 16-сын емдеп шығардық. Олардың ішінде 85-тен асқан ақсақал бар. Менің ойымша, дәрігердің күші – оның махаббатында.
Елең-алаң шақта қазақстандық әйелдер өздерінің ең басты бақыты – сәби сүюден бас тартқан жоқ. Солардың бірі – Гүлнәз Ақбаева.
Гүлнәз Ақбаева, COVID -19 кезінде босанған әйел:
– Өте қиын болды бізге. Екіқабат кезінде COVID жұқтырды, қайтыс болды дегенді естігенде қиналдық. COVID кезінде босанып, аман-сау баласын өмірге алып келген әйелдер – батыр әйелдер.
Бізге індетпен күресу үшін алдыңғы шептегі әйелдер керек. БҰҰ-ның тұрақты үйлестіруші қазақстандық әйелдердің батылдығына бас иеді әрі әркез оларды қолдауға әзір.
Микаела Фриберг-Стори, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі:
– COVID-19 қарсы күресте бізге дұрыс шешімдерді қабылдау үшін әйелдердің рөлі маңызды. Бізге әйелдер инфекцияның қайта өршуі, жұмыс күшінің жетіспеушілігі, тіпті әлеуметтік толқудың екінші рет жандануы сияқты ең ауыр сценарийлердің алдын алу үшін қажет. Бізге індетпен күресу үшін әйелдер керек. Бізге алдыңғы шептегі әйелдер керек.
Нәзік мықтылық. Індетпен күрескен 15 қазақстандық әйелдің таңғажайып оқиғасын MEGA Silk Way сауда орталығында орналасқан көрмеден тамашалаңыз.
Авторы: Гүлжан Марқабаева