Хабар телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қамсыздандыруға 448 млрд теңге жұмсалды

Оның – 94 мыңы бала. Бүгін Үкімет отырысында осы жандардың әлеуметтік нысандарға еш кедергісіз кіре алу мәселесі мен тұрмыс сапасын жақсарту жайы талқыланды.

Қазір қала ішінде қатынайтын 10 500 автобустың 30 проценті ғана тиісті талапқа сай. Тағы 7 вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған. Мәселе алдағы екі жылда шешілмек. Ол үшін Асқар Мамин жыл соңына дейін жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Отырыс барысында Үкімет басшысы Тұңғыш Президент қорының бастамасымен 8 оңалту орталығы салынып жатқандығын айтты. Олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Оның сыртында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 3 орталық ашылады. Сөйтіп келер жылы мүгедектерді медициналық оңалту көрсеткіші 75 процентке жеткізілмек.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мемлекет аса көңіл аударатын өте маңызды мәселе. Біздің міндетіміз мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта жасау. «Нұр Отан» бағдарламасының жаңа бағдарламасына сәйкес алдағы 5 жылда жұмыспен қамтылған мүгедектер үлесі 30 пайызға өсуі тиіс және олар медициналық қамтумен 100 пайыз қамтылады. Елімізде тұңғыш рет мүгедектердің арбасын жасайтын отандық өндіріс іске қосылды. Бұл арбаға мұқтаж адамдарды 5 жылдың ішінде толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.