Зейнетақы қорындағы қаржы үш мақсатқа жұмсалады
Ел тұрғындары зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін осы үш мақсатқа ғана жұмсай алады. Оны реттейтін заң жобасы әзірленіп, Сенаттың қарауына жіберілді. Жаңа жылға дейін қабылданып, келер жылы қолданысқа енеді.
Келер жылы шамамен 750 мыңнан астам адам зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін ала алады. Қаржы ешкімнің қолына ақшалай берілмейді. Оны тек үй мәселесін шешуге, емделуге және инвестициялық компанияға салуға рұқсат. Бұл заңмен реттелген. Оны жүзеге асыру бірыңғай операторға жүктеледі. Алдын ала болжам бойынша ТҚЖБ таңдалды. Қаржы ұйымы жаңа жылдан бастап «Отбасы банк» деп аталады. Қазір осы науқанды у-шусыз өткізуге дайындық жүріп жатыр.
Ләззат Ибрагимова, ТҚЖБ басқарма төрайымы:
- Қазір өтінішті онлайн қабылдайтын платформаны жасап жатырмыз. Сол арқылы сіз өтініш беріп, зейнетақы қорында қаржы көлемін, қанша теңгені жарата алатыныңызды білесіз. Сосын мақсатыңызды айқындайсыз. Мәселен ипотекалық қарызды жабатын болсаңыз, онлайн платформаға қажетті құжаттарды жүктейсіз. Өтініш бойынша біздің банктен арнайы есепшот ашылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын қаржы сол шотқа түседі. Оны біз несие рәсімдеген банкке аударамыз. Қарызыңыз жабылады.
Қазір бірыңғай оператор екінші деңгейлі өзге банктердің базалық жүйесімен интеграция жасап жатыр. Яғни есепшоттағы қаржы азаматтың ипотекалық несиеден өзге қарызын өтеуге жұмсалмауы және бұғатталмауы тиіс. Сондай-ақ бір отбасының мүшелері зейнетақы қорындағы қаржысын бір есепшотқа жинай алады.
Ләззат Ибрагимова, ТҚЖБ басқарма төрайымы:
- Күйеуі мен әйелі, ата-анасы мен балалары, бір туған бауырлардың қаржысын қосып, бір мақсатқа пайдалануға мүмкіндік берілген. Олардың атында үй тіркелген бе, жоқ па ол маңызды емес. Айта кету керек, зейнетақы қорынан қаржы алу бір реттік акция емес, сондықтан азаматтарды алғашқы күннен бастап дүрлікпеуге, ойланып, асықпай шешім қабылдауға шақырамын.
Үй мәселесін шешкендер зейнетақы қорындағы қаржыны денсаулығын жақсарту мақсатында жұмсай алады. Оның қалай жүзеге асатыны заңды әзірлеу барысында жан-жақты талқыланған.
Сәкен Өтебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Шетелде емделу ақысын төлеу мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ санаторий демалыс орындарында жату ақысына жұмсауға болады. Өйткені бұл ем алудың кешенді түрі болып есептеледі. Немесе инвестициялық қорға сала алады. Қазір елімізде 22 инвестициялық компания бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірге ең сенімді бесеуіне ақша салуға рұқсат етті.
Заң жобасын дайындайтын жұмыс тобына мемлекеттік органдар мен барлық қауымдастықтан 150-дей адам қатысты. Қазір Сенат депутаттарының қарауына ұсынылған. Жыл соңына дейін Президент қол қояды деген жоспар бар. Ал келер жылы іске қосылуы тиіс.
Авторы: Талғатбек Әбдіқожа