Пандемия кезінде ауыл-аймақтарда интернет әлсіздігі айқын байқалып жатыр
СҚО-дағы Семиполка ауылының тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Себебі билік кең жолақты интернетті қосамыз деп әлек болып жатқанда, мұндағылар ұялы телефон байланысына жарымай отыр. Айдың басында ауылдағы астық қабылдайтын мекемемен ұялы байланыс операторы өзара келісімге келе алмаған. Салдарынан соңғысы ешкімді ескертпей қондырғысын алып кеткен. Ал зардабын халық тартып отыр. Студенттер карантин кезінде қашықтан оқу үшін күнде мектепке барады. Ондағы ғаламтордың да сапасы сын көтермейді. Тіпті кейбірі аудан орталығына барып білім алуға мәжбүр.
Биылғы пандемия кезінде әсіресе ауыл-аймақтарда интернеттің әлсіздігі айқын байқалды. Электронды үлгіге көшірілген оқу бағдарламасы, мемлекеттік қызмет түрлері бәріне бірдей қолжетімді болған жоқ.
Интернеттің игілігіне көре алмай отырғандардың бірі – Баумандықтар. Қостанай облысындағы бұл елді мекен осыған дейін цифрлық технология жағынан кенжелеп қалған еді. Жақында шалғайдағы бұл ауылға да кең жолақты интернет жетті.
Облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы Бауман ауылында 170-тен астам үй түтін түтетіп отыр. Орта мектебі бар. Сол білім ошағының ұстаздары мен оқушылары нашар интернеттің салдарынан оқу бағдарламасын уақытында игере алмайды.
Лиля Руденко, Бауман орта мектебінің директоры:
- Білім порталында тіркеліп, құжат жүктеуге екі-үш күн ғана беріледі. Соған үлгіреміз деп, күні бойы отырамыз. Бір ғана жеке куәлік пен өтінішті жүктеуге 5-6 сағат жоғалтамыз. Сөйтіп оқу бағдарламасын үзіп алып жүрдік.
Жол қатынасы нашар шалғайдағы ауыл тұрғындарының мемлекеттік қызмет түрлеріне қол жеткізуі де қиындаған. Басты себеп – интернеттің нашарлығы.
Елена Андрейчук, Бауман ауылының әкімі:
- Біз электрондық поштамен жұмыс істейміз. Интернет жылдамдығының төмендігінен хаттарды қабылдау қиындығы туындап жатты. Тиісінше біздің жауап та кешігіп жетеді.
Бауман ауылына жақында талшықты-оптикалық желі тартылды. Енді мемлекеттік мекемелер ғана емес, жеке үйлер де кең жолақты интернетке қосылады.
Олжас Татаев, Қостанай техникалық байланыс орталығы директорының орынбасары:
- Енді осы айдың аяғына дейін Бауман ауылында шамамен тағы 30 абонент қосамыз. Осы ауылымен қатар осы Ұзынкөл ауданы бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісімен 2019 – 2020 жылдары алты ауыл қамтылды.
Айта кетелік, облыс бойынша соңғы екі жылда 39 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Ал биыл 62 ауыл мобильді интернетпен қамтылады.
Ал еліміздің шығысындағы Күршім ауданында Қалжыр, Ақсуат ауылының тұрғындары да интернеттен тарығып отыр. Ата-аналар қашықтан оқып жатқан балаларына алаңдаулы. Өйткені ол елді мекендерде интернет желісі жоқ. Наурыз айынан бері не студенттер, не мектеп оқушылары жарытып оқымаған. Бұл ауылдарға біздің түсірілім тобы бара сала интернет желісін тартуға арналған бригада жетіп, антенна орнатылды. Алайда ол алғашқы күні жақсы қызмет көрсетіп халықты бір қуантып, соңынан желі тағы да жоғалып кеткен.
Болатбек Толқынов, байланыс операторы техникалық директорының орынбасары:
- Қалжырда базалық станция қойылғаны рас. Бірақ ол ғаламтор бірден пайда болады дегенді білдірмейді. Біз алғашқы күні желіні қызметке қосып, тұтынушылардың сұранысын байқадық. Тек осыдан кейін ғана ол станцияның жұмысын толық реттей аламыз. Тіпті оны жетілдіру немесе кеңейту қажеттігін де анықтаймыз. Қазір Қалжырда дәл сол шаруалар істеліп жатыр.