Оралда аулалардағы 13 спорт алаңы сенімгерлік басқаруға беріледі
Ал қалған нысандар бойынша конкурс келер жылы өткізіледі. Енді спорт алаңдарын күтіп-ұстауға мемлекет қазынасынан қаражат бөлінбейді. Бұл міндетті кәсіпкерлер атқаруы тиіс.
Қала теңгерімінде дәл осындай 50 шақты спорт алаңы бар. Жазда алаңға жасыл төсеніш төселеді, ал қыста мұз құйылады. Аулаларды абаттандыру бағдарламасы аясында биыл 10 нысан жөнделіп, жаңадан төртеуі салынды. Енді алаңдар инвесторларға 3 жылға дейін сенімгерлік басқаруға беріледі.
Артур Шерғалиев, қалалық Денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
– Сынған жерлерін жөндеу және спорттық шаралар өткізу, спорттық клубтармен жұмыс жасау, және өздеріне табыс табу. Жұмыстардың бәрін олар «Орал» спорт клубымен келісімшарт қойып, келісіліп жасалады, уақыт беріледі.
Армат Амантай, оқушы:
– Біздер осында тұрамыз. Мұнда су құйғаны жақсы болды. Біздер сабақ оқып болғаннан кейін мында келіп, сырғанаймыз. Біздің дворға енді поля мен ойын алаңы керек.
Әрбір спорт алаңын салу үшін кемінде 40-50 миллион теңгедей қаржы кетеді. Ал оларды күтіп-ұстауға қала қазынасынан жыл сайын 20 миллион теңгедей жұмсалады екен. Алайда бюджетті үнемдеуге бағытталған жаңа бастаманы бәрі бірдей қолдамайды. «Кәсіпкерлер балаларға қолайлы жағдай жасаудан гөрі, коммерциялық мақсатты жоғары қояды», – дейді кейбір тұрғындар.
Ерболат Даркеев, қала тұрғыны:
– Алдымен міндетті түрде тұрғындармен кездесіп, олардың пікірін сұрау керек. Әйтпесе барлығын әкімдікте отырып, шешім қабылдай салады. Бұл тұрғындарға қатысты мәселе болғандықтан, біздің пікірімізді тыңдауы қажет.
Кәсіпкерлер табыс табу үшін алаңда спорттық сайыстар мен балалар мерекесін ұйымдастыра алады. Сонымен қатар жаттығу базасы ретінде қолдануына болады. Алайда алаңдарды күніне 7 сағаттан артық пайдаланбауы тиіс. Кәсіпкер түскен қаражаттың тең жартысын иемденеді.
Ербол Шүкірғалиев, қалалық Қаржы бөлімінің басшысы:
– Ал қалған уақытта тұрғындар тегін пайдалана алады. Қалалық Спорт бөлімі іс-шаралар өткізе алады. Алайда кәсіпкерлердің көбісі 7 сағатты аз деп отыр. «Табыс болмай қала ма?», – деп алаңдайды.
Әзірге жобаға қызығушылық танытқандар саны көп емес. Мамандар келер жылдың басында кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тендер өткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов