Баласы сырқат ана көпшіліктен көмек сұрайды
Дәрігерлер оған ерекше күтім керек деп отыр. Гүлжанат Өтегенованың 6 баласы бар. 4-еуі мектеп жасында. Өткен жылдан бері 17 жастағы қызы аты жаман ауруға шалдыққан. Миының астында қатерлі ісік пайда болыпты. Дәрігерлер қолдан келер емді жасап жатыр.
Гүлжанат Өтегенова, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
– Ісікті жартылай алып берді. Алматыдан химия алдық 4 ай,1 ай сәулелі терапия алдық. Дәрігерлер бізге бала жеке бөлмеде тыныш жату керек, ешкім көзіне көрінбеу керек, бұл ешкімді көрмеуі керек өзімен өзі тып-тыныштықта болсын дейді.
Алайда дәрігерлер айтқан жағдайды жасауға бұл отбасының мүмкіндігі жоқ. Өйткені үйлері не бары құрқұлтайдың ұясындай бір бөлме. Гүлжанаттың өзі –жұмыссыз. Ал күйеуі 25 жыл теміржолда жол жөнеуші болып жүріп омыртқасын зақымдап алған. Содан бері еңбекке жарамсыз. Үлкендеу үй сатып алуға қаражат болмағасын түрлі қорлар мен құзырлы органдардан көмек те сұрапты.
Гүлжанат Өтегенова, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
– Сонда келген жауап: «Біз сізге үй түгілі, сарай салып бере алмаймыз. Біздің жағдайымыз келмейді». Мен отыра берер едім, мына балам үшін ғой. Осы тыныш отырса. Жүйкесіне күш түсірмеу керек.
Биыл үй кезегіне тіркелген Гүлжанаттың отбасы таяу жылдары баспаналы болады деу қиын. Дегенмен әкімдік өкілдері өрімдей қыздың мәселесін назарда ұстайтынын айтты.
Жасұлан Сыдықов, Қазалы аудандық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
– Алдағы уақытта да осы волонтерлердің есебінен, болмаса кәсіпкерлік демеушілік есебінен ұсыныстар түсіп жатқан жағдайда бөлмелі үй салып беруге, болмаса бастапқы үйін кеңейтіп беруге біз ұсыныс білдіріп көреміз.
Жалпы Қазалы ауданында тұрғын үйге мұқтаж 1300 адам тізімге енген. Оның 600-дейі – әлеуметтік осал топтың өкілдері.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов