Жас мамандардың екінші форумы онлайн форматта өтті
Осынша маман соңғы үш жылда Қарағанды облысының мектептеріне жұмысқа барған. Аз емес. Олардың кәсіби біліктілігін шыңдап, шығармашылық әлеуетін дамыту үшін «Рухани жаңғыру: Ұлт келбеті – жас маман» тақырыбында форум өтті.
Ақбөпе Қуаныштаева биыл жоғары оқу орнын үздік бітіріп, еңбек жолын туған ауылы Ақсу-Аюлыдағы мектеп-гимназиядан бастаған. «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы барған жас маманға жергілікті билік барлық жағдайды жасапты. «Қазір мұғалім болу – үлкен мәртебе», – дейді ол.
Ақбөпе Қуаныштаева, Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі:
– Қазіргі кезде жас мамандарға профессионалды түрде өсуіне көп мүмкіндік беріліп жатыр деп ойлаймын. Себебі қазіргі кезде жас мамандарды қолдайтын көптеген бағдарламалар бар. Жақында Білім және ғылым министрлігінің енгізген өзгерістеріне сай, қазіргі таңда университетті үздік аяқтаған педагог мамандарға автоматты түрде «Педагог модераторы» атағы беріледі. Соның өзі жас мамандарға болашақта педагогика саласында жұмыс істеуге стимул деп ойлаймын.
Онлайн форматында өткен ұстаздар форумына облыстың барлық өңірінен жастар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Қуантарлығы, тек соңғы үш жыл ішінде 1200 мұғалім мектепке жұмысқа қабылданған, олардың 200-ден астамы ауылға барыпты. Сонымен қатар биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 17 миллиард теңге қаржы бөлініп, 413 мектеп жөндеуден өткен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда үш есеге көп екен.
Абзал Нүкенов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
– Биылғы жыл мен ойлаймын, жалпы білім беру саласына да, басқа жағдайға қарамастан бір жақсы жемісті жыл болды деп. Пандемия өтеді, кетеді. Бірақ балаларымыз мектепке оралады бұйырса. Сол кезде мектептеріміз жылы, жан-жақты жабдықталған болу керек, жағдайы жасалған ортаға оралуы керек.
Сондай-ақ «Қарағанды облысының білім беру саласындағы 100 жаңа есім» кітабының тұсаукесері өтті. Жинаққа ағартушылық жолда белгілі бір жетістікке жеткен үздік жас мамандар жайлы ақпарат топтастырылған.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев