Имамдар форумында діни рәсімдерді бірізділікке түсіруге қатысты құжаттар қабылданды
Жиынға барлық облыстан бас имамдар жиналды. Ас беру тәртібі мен мәзірін бекіту бойынша сұрақтар талқыланды. Әрі зират құрылысында да қарапайымдылық болу керек деген уәж айтылды. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар діни өкілді арнайы медальдармен марапаттады.
Бұл басқосуға Қазақстанның барлық өңіріндегі имамдар жиналды. Форум биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Осы жылғы өзгешілік те сол мыңнан аса дін өкілі жиынға онлайн қосылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеүндеу жолдап, жиын қатысушыларын ҚМДБ 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Осындай форумдар Мүфтияттың жұмысындағы рухани бастамаларға тың серпін беретінін атап өтті. Имамдарға жаңа жетістіктер тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемде діни алауыздық өршіген қазіргідей күрделі кезеңде дін қызметкерлерінің рөлі айрықша. Сондықтан ел ішінде жүргізілетін ағартушылық жұмыстардың мазмұны және сапасы үнемі назарда болуы керек. Мешіттерде әрдайым имандылыққа, адамгершілікке үндейтін уағыздар айтылғаны жөн. Сондай-ақ білім мен ғылымға құштарлық, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін дәріптеуіміз керек. Азаматтарымыздың діни тұрғыдан сауатты болуына және жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне сіздердің қосар үлестеріңіз мол.
Форумға қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау сөзін оқыды.
Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:
- Адамзат қазіргі таңда әлемді жайлаған коронавирус індеті мен ірі державалар арасындағы текетірістен бастап, ауыр экономикалық және саяси дағдарыстарды бастан кешуде. Мұның өзі адамдардың жүйке жүйесіне қосымша салмақ салмай, діни сенім-нанымдарына селкеу түсірмей тұрмайды. Осындай жағдайда ҚМДБ иығына түсетін жауапкершілік жүгінің де ауырлай беретіні анық. Сіздер өз білімдеріңізді ұдайы жетілдіру арқылы қасиетті ислам дінінің қадір-қасиетін халыққа дұрыс түсіндіріп, сөздеріңізбен де, күнделікті істеріңізбен де қалың жұртшылыққа үлгі бола білулеріңіз керек деп ойлаймын.
Жиында талқыға түскен маңызды тақырып көп. Соның бірі – ас беру мәдениеті. Енді әр өңірде имамдар насихат жұмыстарын жүргізуге уағдаласты. Арнайы ас мәзірі бекітіледі. Мақсат – ысырапшылдыққа жол бермеу.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:
- Жалпы ас берген кезде ысырапшылдыққа бармау керек. Қандай тағамдар болу керектігін айтамыз. Адам жерлеу орнын да зәулім қылып салып жатқанын білесіздер. Олай болмау керек. Біз біркелкі болуға насихат жұмысын жүргіземіз.
Форумның қорытындысы бойынша ас беру мәдениеті, зират және зиярат ету, зияткер имам құжаттары қабылданды. «Бұл ұстанымдар жұртшылық арасында орындалатын діни рәсімдерді бірізділікке келтіруге зор ықпал етеді», – деп сенеді имамдар. Сонымен қатар ҚМДБ-ның саясатын көркейтуге қомақты үлес қосып жүрген бірқатар дін өкілі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атынан алғыс хат және медальдармен марапатталды.
Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Арман Ақшабаев