Атырау облысында балықшылар жалақысын ала алмай жүр
Олардың барлығы ала жаздай теңізде еңбек еткен. Өндірістік кооперативінің жұмысшылар алдындағы берешегі 25 млн теңгеден асады. Алайда биылғы тартым табыссыз болды деген желеумен мекеме басшылығы қарызды қайтаруға асығар емес.
Жұмысшылар маңдай термен тапқан еңбекақымызды алып қалармыз деген үмітпен осы қақпаның алдына күн сайын жиналуды әдетке айналдырған. Алғашында 40-50 адам болып топтасып келетін. Уақыт өткен сайын олардың қатары да азайып барады. Өйткені көбі күдерін үзген.
Әділет Баймұқанов, балықшы:
- Төрт аптадан асты, күнде келіп жүрміз. Тіпті аяғымыз тозды. Пандемия деп ешқайда жұмысқа алмайды. Осы ақшаға қарап, күтіп отырмыз.
Марат Байжанов, балықшы:
- Осы ақшаға қарап отырмын. Сонау Құлсарыдан келіп тұрмын. Несие те бар, үйді де төлеу керек. Бәрі жан-жақтан хабарласып жатыр. Оларға да айтып жатырмын. Бірақ олар түсінбейді ғой.
Осылайша жүзден астам балықшы күнде ертеңмен алданып жүрген жайы бар. Бұл азаматтар маусымдық жұмысқа жалданған. Көктемгі және күзгі маусымда өндірістік кооперативке бөлінген лимитті игеруге көмектесіп, ал күзде есеп айырысады. Жылда солай болған, бірақ биыл жалдаушы мекеме сөзінде тұрмаған. Тіпті арадағы еңбек шартын да көрсетпепті. Енді табан ақы, маңдай терлерін даулайын десе қолдарында құжаттары жоқ.
Аслан Шоманов, балықшы:
- Негізінен айына 140 мыңнан деп келістік. Соңғы рет қазанның 17-сінде кешіктіріп алдық. Содан бері әлі жүрміз ғой.
«Амангелді» өндірістік кооперативі жүз жұмысшының әрқайсысына 250 мың теңгедей қарыз. Жалпы берешегі 25 млн-ға жеткен. Қақпа алдында шу шығарған топты көрген мекеме директоры мән-жайды ашық түсіндіруге тырысты. Жылына шетелге үш мың тонна балық экспорттайтын компания биыл індет салдарынан шығынға шаш етектен батқан. Айтуларынша басты себеп осы.
Сәбит Сағидуллин, серіктестік директоры:
- Осы жылғы күзгі маусым өте нашар болды. Жайықта су жоқ. Біз енді жылдағы үрдіспен жұмысшыларды жинадық. Бірақ балық болған жоқ. 25-26% ауладық, ол өте аз. Күз кезінде көбірек аулайтын едік. Ресей, Украина, Еуропа көп алатын еді. Енді экспорт көлемі де азайды.
Кәсіпорын басшылығы қазір зауыттарының бірін кепілдікке қойып, «Атырау» ӘКК арқылы несие рәсімдеп жатыр. Қолға қаражат тисе, бірінші кезекте жұмысшылардың жалақысын төлейміз деп сендірді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин