Биыл Қостанай облысында жергілікті маңызға ие 500 шақырымға жуық жол жөнделді
Қазіргі кезде өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық күйдегі көлік жолдарының үлесі – 75 процент.
Қарасу кентінің тұрғыны Иван Серпук кәнігі жүргізушілердің бірі. Жұмыс бабымен облыс орталығына жиі қатынайды. «Бұдан бұрын қашықтығы 150 шақырым аралықты кемі 3 сағат дегенде әупірімдеп әрең жүріп өтетінбіз», –дейді ол.
Иван Серпук, Қарасу ауылының тұрғыны:
– Ұзақ жүріс, жеткенше жүйкең тозатын. Ойқы-шойқы жол көлігіңді құртады. Қазір, міне, тақтайдай тегістеліп, жақсы болды. Бір жарым сағатта қалада боласың.
Қарасу ауданында жергілікті маңызы бар жолдың ұзындығы – 500 шақырымға жуық. Соның 70 проценті қанағаттанарлық жағдайда. Соңғы үш жылда бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, жолдардың біраз бөлігі жөнделді. Биылдың өзінде аудандық маңызы бар 40 шақырым жол қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін арнайы жол картасы жасалған.
Әділхан Ахмеров, аудандық ТКШ, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
– 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы былтыр әзірленді. Осы бес жыл ішінде біз аудандағы барлық автокөлік жолдарын 100 процент жақсы жағдайға жеткізуіміз керек.
Биыл «Еңбекпен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында да бірқатар жол бөліктері жөндеуден өтті. Атап айтсақ, Денисов ауылында кірме жол қалпына келтірілді. Жанкелдин ауданында жаңа көпір салынды. Тек осы бағдарлама бойынша 17 миллиард теңгенің жұмыс ауқымы атқарылған.
Алексей Костюков, облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
– Қазіргі кезде облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 75 проценті жақсы немесе қанағаттанарлық деген бағаға ие. Өткен жылмен салыстырғанда 6 процент өсім бар.
Ал «Нұрлы жол» бағдарласы шеңберінде жоспарланған 36 жобаның биыл 20-сы іске асты. «Қалған бөлігін келер жылы аяқтаймыз», – деп отыр мамандар. Оған қосымша 9 миллиард теңге қажет.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг