Астрологтар болжамы: 2021 – Қазақстан үшін сәтті жыл!
Жұлдызшылар мен нумерологтар келер жылға осындай болжам жасап отыр.
Олардың жорамалы бойынша 2021 жыл – Қазақстан үшін сәтті жыл болмақ. «Жастардың белсенділігі өсіп, білімді, талантты жандар ел игілігі жолында шешуші қадамдар жасауы мүмкін», – дейді.
Индира Жылқайдарова, тілші:
– 2020 жыл Қазақстан үшін ғана емес, күллі әлем үшін ауыр сынақ болды. Шын мәнінде ықпалды, әмияны миллиардтарға толы бар бай-бақуаттылардың өзі індеттің алдында шарасыздық танытқанын көрдік. Жұлдызшылардың айтуынша, 2021 жылы суқұйғыштардың кезеңі басталады. Материалдық қажеттіліктерге құнығу күрт азайып, адамдар рухани азық іздейтін болады. Бастысы, жаңа жыл өтіп бара жатқан Тышқан жылынан әлдеқайда жеңіл болады деген болжам бар.
2020 жылы карантин салдарынан қазақстандықтардың басым бөлігінің кәсібі тоқтап, аз-кем қиыншылықтар болғаны рас. Бірақ 2021 жылы ол проблемалар артта қалмақ, керісінше еңбекқор жандардың табысы артады. Нумерология ғылымымен 3 жыл айналысып, 7 мыңнан астам адамға жеке есеп жасап үлгерген маман Гүлсім Талғатқызының айтуынша, шетелге саяхатқа шығатындар көбейеді.
Гүлсім Талғатқызы, нумеролог:
– 2021 жылы адамдарға таңдаған жолдарынан тайып, өмірін басқа арнаға бірден бұруға болмайды. Десе де, көп салада өте үлкен өзгерістер болады. Көп адамдарда өз қызметін басқа салаға ауыстыру туралы ой пайда болуы мүмкін, жалақы өсімі болады. Тағы бір жағымды болжам, 2021 жылы көптен перзент сүюді армандағандардың жолы болады.
Аспан денелерінің қозғалысын зерттейтін жұлдызшылардың да жаңа жылға өз жорамалы бар. Елордалық Зарина Байкенова астрологиямен 8 жыл айналысады. Израильде тәлім алған. Зарина 2021 жылда Қазақстанның тағдырына қатысты болжам жасады.
Зарина Байкенова, астролог:
– 2021 жылы Қазақстанда денсаулық сақтау саласында үлкен жаңалықтар болуы мүмкін. Генетика, биология, микробиология салаларында ғылыми жаңалықтар ашылады. Қазақ халқының тарихы туралы жаңа деректер пайда болып, тіпті бұрын білмеген жер үлесіміз туралы ақпарат жарыққа шығуы да мүмкін. Қазақстанда экономикалық тұрғыда тұрақтылық болады.
Астролог Зарина тіпті коронавирус індетіне қатысты да болжам жасап көрді. Оның айтуынша, қаңтар, ақпан айларында әлі жағдай бұрынғыша қалмақ. Ал наурызға таман дерттің беті қайтады деген позитивті жорамал айтылды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин