2020 жыл қазақстандықтардың есінде несімен қалды?
Тарихқа енгелі отырған 2020 жыл жайлы айтқанда, айналып өте алмас бір тақырып бар. Ол – COVID-19 індеті. Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген жандардың қай-қайсысынан сұрасаңыз да, айтары бір, арманы ортақ.
«Дәл бүгінгідей қатерлі пандемияны көрмедік», – дейді олар. Онысы рас. Коронавирус әлем үшін ауыр сынақ болып тұр. Жаһанды жүрісінен жаңылдырған індет кезінде біздің мемлекет нақты қандай әрекет жасады? Қандай шешімдер қабылданды?
2020 жылдың наурызы. Жаһанды жайлаған пандемияның тықыры Қазақстанға да таяды. Бірақ билік те, бұқара да аты беймәлім аурудың қаншалықты қауіпті екенін әлі де толық ұғына қоймаған кез еді бұл.
Жаман аурудың атын атау жақсы ырым емес. Содан да болар, кім білсін, Бас санитардың осы сөзінен кейін үш күн өтер-өтпес Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді.
Эльмира Әдішева, инфекционист дәрігер:
– Уханьнан келген студенттеріміз бар. Бірінші Уханьнан табылды ғой. Сондықтан олардан кішкене қорықтық.
Бірақ ауруды ухандық студенттер емес, Германияға сапарлаған жерлесіміз әкелді. Дәл сол күні кезекшілікте болған Эльмира Әдішева вирус жұқтырған жанды да алғаш боп өзі қабылдап алды. Індеттің таралуы тым тез еді. Сондықтан Мемлекет басшысы ел бойынша төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Мұны дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын.
Шекара жабылды. Өңірлер арасына блок-бекет қойылды. Адам көп жиналатын бүкіл нысан жұмысын тоқтатты. Білім ошақтары қашықтан оқытуға көшті. Бойын белгісіз үрей билеген халық азық-түлік қорын жинап жанталасты. Бұл өліра кезең тура 56 күнге созылды.
11 мамырда төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Нысандар қатаң санитарлық режимде жұмысын бастады. Бірақ бұл да көпке созылмады. Карантин талабын сақтамаудың салдарынан індет өршіп, шарықтау шегіне жетті. Ауру жұқтырғандар да, көз жұмғандар да сағат санап өсіп жатты. Президент 13 шілдені Аза тұту күні деп жариялады.
Індет адамзат тарихын «дейін» және «кейін» етіп екі дәуірге бөлді. Отандық бизнес «дүлей дауылға» тап болғандай күй кешті. Пандемияға дейін мұнда дүбірлеп той өтетін еді. 300 адам сыятын мейрамханаға соңғы 7 айда ешкім де кірген жоқ.
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы:
– Егер статистикаға қарайтын болсақ, осы соңғы қазан айы бойынша Қазақстанда халықтың табыс деңгейі соңғы 20 жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткішті көрсетіп отыр.
Пандемия уақытында мыңдаған адам жұмысынан айырылды. Тығырықтан шығу үшін ел билігі бірқатар шараларды қолға алды. Мемлекет табысынан айырылған 4,5 миллион адамға 42 500 теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Бір миллиондай жанға азық-түлік таратылды. 2 миллион азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкердің салық жүктемесі азайтылды.
Ал медицина қызметкерлерін материалдық тұрғыдан қолдау үшін 196,5 миллиард теңге бөлінді. Президенттің тікелей тапсырмасымен QazCovid-in вакцинасы әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ биыл 500 мыңға жуық педагогтың жалақысы 25 процентке артты. Келер жылы тағы көбеймекші. Мұғалімдікті таңдаған студенттердің стипендиясы 42 мың теңгеге жетті. Бұл тығырықтан шығуға тамшыдай болса да әсерін тигізері анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы індеттен құтылған соң елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек. Біз міндетті түрде жеңеміз! Себебі біз – біргеміз!
Әрбір дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бәлкім бұл кезең сілкінуге сеп болғалы тұр. Тек күрделі сынақты еңсеретінімізге, жеңетінімізге сенім болса болғаны.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов, Айбын Құсанбек