Көпбалалы ана жаңа туған сәбилерді ұлттық киімде суретке түсіреді
Бұл – алматылық фотограф Әсел Ботаханованың жұмысы. Көпбалалы ана жаңа туған сәбилерді ұлттық киімде суретке түсіреді.
Алина Қанатованың үш баласы бар. Сәбилерінің әр сәтін қалт жібермей, таспалағанды ұнататын жас ана бүгін туғанына 14 күн болған кішкентай Радмирді фототүсірілімге алып келіпті. «Ерекше стильде түсіретін фотографты ұзақ іздедік», – дейді ол. Ал таңдауы Әсел Ботахановаға түсуі тегін емес.
Алина Қанатова, Алматы қаласының тұрғыны:
– Ол – ұлттық үлгіде фототүсірілім жасайтын жалғыз маман. Осы бағыт бізге бірден ұнады да, Әселді таңдадық. Көп жерде жаңа туған сәбилерді әдеттегідей үйреншікті стильде түсіреді.
Компьютерлік бағдарламашы мамандығын меңгерген Әсел Ботаханова үшінші сәбиін дүниеге әкелген соң фотоөнерге ден қояды. Бір қарағанда оңай көрінгенімен, өзіндік қыр-сыры бар өнерге жетік болу үшін кәсіби тұрғыда білім алады. Еңбектене жүріп, ерекше стильді шығармашылығына өзек етеді. Әсіресе қырқынан шықпаған шақалақты суретке түсірудің өз қиындығы бар. «Негізгі міндетіңнен бөлек, арасында бесік жырын айтып, сәбиді ұйықтатуға тура келеді», – дейді ол.
Әсел Ботаханова, фотограф:
– Жаңа туған сәбиді фотоға түсіру – ең қиын жұмыс, үлкен жауапкершілік. Түсірілім барысында баланың денсаулығына, қауіпсіздігіне жауаптысың. Ойыңдағы кадрге қолжеткізу үшін аса мұқият болуға тура келеді.
Әселдің модельдері – екі апталық сәбилер. Себебі олар құрсақтағы қалпын әлі ұмытпаған. Мойны қатпаған, аяқ-қолы да толық жазылмайды. «Сәбидің мұндай физиологиясы түрлі қалыпта жатқызып, түсіруге ыңғайлы», – дейді маман.
Айта кетейік, фототүсірілімдегі образдардың бәрін Әсел өзі жасайды. Киімдерді де өз қолымен тіккен. 60-қа жуық костюмнің 15-і ұлттық үлгіде тігілген.
Әсел Ботаханова, фотограф:
– Қазақстандық фильмдерді көріп, шабыттанамын. Соңғы рет «Томирис» фильмін көріп, керемет костюмдеріне таңғалдым. Фильмді 5 рет көріп шықтым. Соңғысында тоқтатып отырып қарап, оюларды көшіріп сызып, өз костюмдеріме қолдандым.
«Ұлттық үлгіні періште сәбилердің бейнесімен үйлестіру – дәстүрге құрметтің бір белгісі», – дейді фотограф. 6 жылдық тәжірибесінде Әсел Ботаханова 600-ге жуық сәбидің қайталанбас сәттерін таспалаған.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев