Фермер Орал қаласында жылқы бағып отыр
Күн сайын биелерді сауып, тұрғындарға саумал мен қымыз сатады. Табиғи өнімге сұраныс артқан. Іскер жан кәсіппен қатар, ұлттық құндылықты ұлықтауға ден қойды. Ол өз балаларымен қоса, жылқыға құмар өзге жеткіншектерді де атбегілікке баулып жүр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
– Ауылдың тынысын қалаға әкелді. Атакәсіпті түлеткен фермер жылқыларын қалаға әкеліп, бағып отыр. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, Қамбар ата тұқымдарын қорада ұстап, жем-шөбін салады. Оларды күніне 4 мезгіл сауады екен.
Ақылбек Ишанов бірер жыл бұрын шаһарға алдымен 2 бие алып келген. Саяжайға киіз үй тігіп, саумал сата бастады. Кейін ақырындап шаруашылық нысандарын салды. Бие сүтіне сұраныс артқан соң, жылқыларының санын арттырды. Алайда қалада үйір жылқыны бағу алғашында оңай болмапты.
Ақылбек Ишанов, шаруа:
– Басында қиын болды, өйткені мына жерді, айналаны өзім де дұрыс білмеймін. Мысалы, тоғайдың ішінде жылқымыз жоғалып кетіп жүрді. Бір жағымызда жол болса, арғы жағымыз – Жайық. Саяжайлар бар, онда кіріп кетсе, малды, жылқыны шығару қиын.
Шаруа қазір қалада 20-дан астам жылқы бағып отыр. Қыста сауын биелердің саны азаяды. Ал саумал мен қымызға сұраныс төмендеген емес. Қаламен қатар ауылдық жерлерден де келетін тұтынушылар бар. Олардың көбісі дертке дауа іздеген жандар.
Сейілхан Мұхитов, Қызылағаш ауылының тұрғыны:
– Ем болу үшін 10 шақты күн ішкен дұрыс дейді. Солай ішеміз. Он күн ішіп, демалып, арасында солай келіп тұрамыз.
Фермерге балалары қолғабыс қылып жүр. Қара домалақтар жылқыны ер-тоқыммен де, жайдақ та тізгіндей алады. Қылқұйрықтарды күтіп-баптаудың қыр-сырын меңгеріп келеді. Шаруа жылқыға аңсары ауған өзге жеткіншектерді де атбегілікке үйретуге дайын. Қазірдің өзінде шаруашылыққа балалар жиі келетін болыпты.
Нұр Қабиев, мектеп оқушысы:
– Маған осында жылқыларға еркін отырып, шабуды үйренген ұнайды. Достарымнан қалыспай үйреніп келе жатырмын.
Шаруа алдағы уақытта балаларға арнап ұлттық спорт үйірмелерін ашуды жоспарлап отыр. Қаладағы ат спорты мектебінің мамандары бұл бастамаға қолдау көрсетпек.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов