Атырауда нәрестенің өліміне қатысы барлар жауапқа тартылды
Облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевқа 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ал орталықтың акушер-гинекологы Асқар Қайыржанға 16 жыл бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шықты. Сондай-ақ акушер Жамила Құлбатырованы 15 жылға соттау туралы үкім тағайындалды. Ал неонатолог-дәрігерлер Нұрмұхамбетов пен Жұмабаева үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, қызметкерлер баланы өлі туды деп рәсімдеген. Алайда одан тіршілік нышаны байқалған кезде дәрігерлер құжаттарды қайта рәсімдегісі келмей, тоңазытқыш камерасына жіберген.
Гүлмира Дәулетова, мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
- 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Нысанбаевтың жаза өтеу орыны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде белгіленсін. Құлбатыровадан жәбірленуші Төрембетованың пайдасына 5 млн теңге моральдық залал және мемлекет пайдасына 1389 теңге мемлекеттік баж өндірілсін.