Қазақ елі «Тақиялы періштемен» қоштасып жатыр
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақ рөлі арқылы күллі қазақтың сүйіктісіне айналған актер 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қарапайым көлік жүргізушісінің өнерге келуін біреулер кездейсоқтық дер, бірақ осылай болуы қазір заңдылықтай көрінеді. Алпамса денелі, періште мінезді азаматты танымалдылық та жолынан тайдыра алмады. Қазақтың қарапайым әрі қазыналы қарттарының бірі болып әдемі қартая білген ол өмірінің соңғы күніне дейін оюлы тақиясын тастаған жоқ.
Ол қазақ киносына үлкен салмақпен келді. Тура 120 келі. Қарапайым мехнизатор Әлімғазы Райымбековтің алғашқы сомдаған рөлі қазақтың күш атасы Қажымұқанның өзі болатын. Оның тұлғасы қандай нар болса, жүрегі де сондай кең еді.
Сондықтан болар «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ тек Қазақстандағы емес, тұтас Кеңес кеңістігіндегі көрерменнің жүрегін жаулап алды.
Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер-журналист:
- Ашуланғанын көрмедім. Жымиып күледі де жүреді. Осындай бір әдемі мінезін, көп адамға ұқсай бермейтін ерекшеліктерін байқағандықтан ба екен, Шәкен Айманов ағамыз оны кәсіби актер болмаса да, фильмге тартқан. Егер Шәкен Айманов ағамыз болғанда, бұл кісіні талай фильмде қаһарман етер еді ғой деп ойлаймын.
«Менің сүйікті кейіпкерім», – деп Әлімғазы ағаны «Хабардың» ардагер-журналисі Тілеуқабыл Мыңжасар тебірене еске алды. «Тақиялы періштеден» кейін оның кейіпкерлерін ешкім іздемеген болуы керек ел ұмыта бастаған. Сол кездегі «Хабардың» журналисі Тілеуқабыл Мыңжасар оны іздеп тауып, репортаж жасайды.
Содан бері қазақтың Тайлағы ел көзінен тасада қалып көрген жоқ. Мынау Әлімғазы ағаның біздің арнаға осыдан төрт ай бұрын берген сұхбаты болатын. Соңғы сұхбат боларын ол да, біз де, әрине, білген жоқпыз.
Әлімғазы Райымбеков, ҚР Мәдениет қайраткері
- Қазір Құдайға шүкір, жолдасыммен қосылғалы 63 жылға кетті. Он баламыз бар. Бес ұл, бес қыз, 22 немерем, 20 шөберем бар. Аллаға мың да бір рақмет! «Хабардың» 25 жылдығында естеріңе алып келіп, сұхбат алғандарыңызға мың да бір рақмет! Өркендерің өссін!
Актердің фильмографиясында «Қан мен тер», «Ән қанаттары», «Асуда», «Көк маршрут» сияқты оннан аса танымал картина бар. Өткен жылдың 20 желтоқсанында актер 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Қазақ әдемі қартая білудің өзін өнер деп санайды. Әлімғазы аға жүрген жерінде жастарға өнеге айтып жүретін, еңсесі еңкіш тартқан жоқ.
Әміре Арын, «Жетісу» газетінің бас редакторы:
- Азамат, қоғам қайраткері ретінде оны күллі Жетісу жұрты қатты жақсы көретін. Неге жақсы көреді десе, ол кісінің ең алдымен адалдығы, ойындағы ойын ашық айтатыны, ұлттық ұстанымы, халықтың ертеңіне, әсіресе, жастардың келешегіне алаңдайтыны көпшілікке ұнайтын. Ол кісі дархан болатын.
Қазақстанның мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков туған ауылы Мәмбет ауылында жерленеді. Осылайша ертең қазақстандықтар ауылдан шыққан атақты актермен қоса қазақ киносының тұтас бір дәуірімен қоштасады.