Солтүстік Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай қиындап барады
Вирустың соншалықты өршуіне не себеп?
Самат Қайырденұлы, тілші:
– Иә, жағдай мәз емес. Коронавирус инфекциясын жұқтырып жатқандардың саны күрт көбеюіне байланысты эпид ахуал күннен-күнге күрделеніп барады. Облыс қазір «қызыл аймақта». Сөзіме дәлел болу үшін сандарды сөйлетсек.
Жалпы пандемия басталғалы өңірде 10 549 адам қауіпті індетті жұқтырған. 42 азамат осы кеселден қайтыс болды. Тек өткен тәулікте вирус 117 жаннан анықталды. Соңғы екі аптамен салыстырсақ, өсім 1,7 есеге артқан. Инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатқан 22 азаматтың жағдайы өте ауыр.
Жауаптылардың айтуынша, мұның бәрі қарапайым санитарлық талаптың сақталмауынан болып отыр. Сондықтан демалыс күндеріне өңірде локдаун сақталады. Ірі сауда орындары сенбі-жексенбі жұмыс істемейді. Дүкендердің де жұмыс уақыты қысқартылды. Әрі қоғамдық көлік қатынасы тоқтайды. Жағдай тұрақталмаса, карантиндік шектеулер күшейтілуі бек мүмкін.
Әсет Жұматаев, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Соңғы екі аптаны алатын болсақ, облысымызда Аққайың, Айыртау және Тайынша аудандарында ауырғандардың көбейгендігін байқап отырмыз. Облыстық коронавирусқа қарсы штабта бұл сұрақтар көтеріледі. Әлі де күшейту жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Бір жұма осы «қызыл аймақта» болып, күшейту жұмыстарын бақылап отырмыз.
Жүргізуші:
– Самат, елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталады. Сіздерде дайындық жұмыстары қалай?
Самат Қайырденұлы, тілші:
– Мамандардың мәліметі бойынша, облыста бүгінгі күні 17 екпе жасату пункті жасақталды. Оның 4-і Петропавл қаласында болса, қалғандары аудандарда. Бірінші болып екпені стационарларда еңбек етіп жүрген мамандар, жедел-жәрдем қызметіндегілер және санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары жасатады. Осылайша алғашында мыңға жуық адамға вакцина қойылады.
Жалпы осы сұрақ бойынша біз Денсаулық сақтау басқармасынан сұхбат жазып алған болатынбыз.
Әсем Қанғожина, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі:
– Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Барлық емханаларда вакцинациялау пунктері бар. Медициналық қызметкерлер толық дайындықтан өтті. Қазір облысымыз ресейлік «Спутник-5» вакцинациясын қабылдауға дайын.
Самат Қайырденұлы, тілші:
– Әрине, жағдай қиын. Сондықтан ережелерді ұстанғанымыз абзал.
Авторы: Самат Қайырденұлы