Тараздық тұрғындар жол мен жарықтың жоқтығын айтып шағымданды
Пандемия кезінде үйден шықпау әдетке айналғанын жасырын емес. Балаларға да обал. Арыз-талаптары тыңдаусыз қалған олар бұл мәселелерді жылдар бойы айтып жүр екен. Ақыры шағымданып шаршаған соң, олар әкімдіктің назарын аудару үшін жолды жауып тастаған.
Бұл проблема 10 жыл бұрын мына көпқабатты тұрғын үйлердің іргетасы қаланғанда басталған. Ол уақытта әкімдік өкілдері шағын көше құрылыс материалдарын тасымалдау үшін уақытша пайдаланылады. Құрылыс біткен соң басқа жақтан жол түседі деп сендірген көрінеді. Алайда жұмыс аяқталып, пәтер иелері қоныстанғаннан кейін көлік нөпірі керісінше бірнеше есеге артып, тар жолмен жүру мұңға айналған.
Мұратжан Убайдуллаев, қала тұрғыны:
– Мына жерден кіреді, осы жерден шығады. Машинасы бары да, машинасы жоғы да. Міне, қараңызшы, адамдар қалай жүреді? Коляскамен әйелдер қалай жүреді. Тратуар жоқ.
Нұрақын Қалмұратов, қала тұрғыны:
– Бізде жарық, асфальт жоқ. Мына жерде жазда балалар ойнайды. Екі рет екі қыз баланы машина қағып кетті. Мына жақтан жол ашып берсе дейміз.
Жұрт: «Бұл мәселе айналма жол салынса шешілер еді», – дейді. Мұны айтып талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Қала, облыс әкімдігі тарапынан кері байланыс болмаған соң Хусан Парпиев тұрғындардың атынан Президент аппаратына дейін барған. Алайда бұл мәселе түрлі себептермен шешімін таппапты. Амалы таусылған қараша жолды жауып тастады. «Мұндай қадамға әкімдіктегілерді оятып, қоғамның назарын аудару үшін бардық», – деп отыр.
Тұрғындардың наразылығы әкімдіктегілердің құлағына жеткен соң бірден бірнеше бөлімнің басшылары келді. Олар бірі ешқандай проблема жоқ десе, енді бірі жұрттың сауалдарына жауап беріп, жағдайды түсіндіруге тырысты.
Зият Тұрсынұлы, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
– Бұл жерде қандай проблема көріп тұрсыздар сіздер? Ешқандай проблема жоқ. Бұл жерде жолды кеңейтіп берсін деп отыр. Түсініп отырсыздар ма? Қазіргі таңда мұндай шешім қабылдай алмаймыз.
Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл – статусы шағын әрі тар көше. Көліктердің де, жаяу жүргіншілердің де, балалардың ойнайтын жері осы жолдың бойы. Қазіргідей көлік нөпіріне есептелмеген. Оны қаланың бас сәулетшісі де мойындап отыр.
Алмас Бөбеев, қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
– Бас жоспарға сәйкес бұның статусы – переулок. Бұл арнайы дәу көше емес. Ал өздеріңізге көріп тұрғандай, мынау переулогқа ұқсай ма?
Маман айтқандай, бас жоспарда тар, статусы шағын көше деп көрсетілсе, неге бұл жол пайдалануға берілмей тұрып ескерілмеген? Сауал ашық күйінде қалды. Руслан Бақытбекұлы, тілші:
– Қысқасы айналма жол жуық арада салынбайды. Мамандардың айтуынша, жол тек қаланың бас жоспары өзгертілген жағдайда ғана түседі. Оның өзінде бұл жолды салу, салмау мақсатты ма? Салуға тұрарлық па зерттеліп, қаралады. Жеке сектордың тұрғындары сұрап отырған жарық та, жаяу жүргіншілерге арналған жол да жуырда салынбайтын сыңайлы.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә