Ұжымдық иммунитетке жету үшін ересек адамдардың кемінде 60% вакциналау қажет
Ақпанның 1-і күні Қазақстанда вакциналау шарасы басталды. Әзірге дәрігерлерге ресейлік «Спутник V» екпесі салынып жатыр. Ол Қарағандыда орналасқан фармацевтикалық зауытта өндіріледі.
Қазіргі таңда елімізде қанша адамға екпе салынғандығы жайлы толық ақпарат жоқ. Бір анығы вакциналау Қазақстанда 6 кезеңмен жүргізіледі. Атап айтсақ, ақпан айында 100 мың адамға екпе егіледі. Олар – негізінен медициналық мекеме қызметкерлері. Ал екінші кезең наурыз айында басталып, 150 мың адамды қамтиды. Олар – мектеп пен жоғарғы оқу орындарының ұстаздары. Сәуір айынан бастап вакциналау ауқымы айтарлықтай кеңейеді. Атап айтқанда, студенттер мен созылмалы аурулары бар 600 мың адам Ковидке қарсы екпе алады. Қалған үш кезеңде де меже 600 мың дозадан болады. Бұл вакциналар күш құрылымдары, құтқарушылар, әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен тәуекел тобында қалған адамдарға арналған. Осылайша жыл соңына дейін барлығы 6 млн қазақстандыққа вакцина егу жоспарланған.
Тағы айта кету керек, коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға арнайы QR-код беріледі. Бұл пилоттық жобаны 55 фитнес орталық, SPA-салондар және бассейндер енгізіп үлгерген. Бұл кеше еліміздің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов айтқандай, бұрынғы екпе алу кітапшасының электрондық нұсқасы және бизнес үшін қажетті жоба. Яғни ұялы телефонға жүктелген қосымша арқылы бизнесмендер келіп-кетушілердің қайсысы вирус жұқтырғанын анықтай алады. Қызыл жанса, ол адам инфекцияны тасымалдаушы деген сөз. Ал жасыл түс жүріп-тұруға шектеу жоқ екенін білдіреді.
Ең әуелі ақпанның бірінен бастап егіліп жатқан «Спутник V» жайлы. Бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, бұл вакцинадан кейін адамның коронавирусқа қарсы иммунитеті 2 жыл сақталуы мүмкін.
Бұдан бөлек ресейлік вакцинаның тиімділігі де жуырда жарияланды. «The Lancet» медициналық журналына шыққан мақалаға сенсек, «Спутник V» тиімділігі – 91,6 процент. Америкалық Pfizer тиімділігі – 95%, ал Moderna – 94,1%. Біздің яғни қазақстандық екпе әлі клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Дегенмен кей ғалымдардың айтуынша, Qaz-Covid-In тиімділігі 96 проценттің төңірегінде. Бірақ бұл әлі нақты дерек емес.
Ал вакцинаны қандай температурада сақтау қажет? Moderna минус 25-15, Pfizer минус 80-60 градус маңында болса, «Спутник V» ғалымдар минус 2-8 градус температурада сақтауға рұқсат берді. Ресейлік екпенің тағы бір тиімділігі, ол британдық және оңтүстікафрикалық штамдарына да қарсы тұра алады екен.
Жалпы ел аумағында жыл соңына дейін 6 млн тұрғынға вакцина салу көзделіп отыр. Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің сөзінше, ұжымдық иммунитетке жету үшін ересек адамдардың кем дегенде 60 процентін вакциналау қажет.
Айтпақшы, ислам діні екпе жасатуға тыйым салады деген алып-қашпа әңгімеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жасады.
«Құрметті отандастар! Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады» делінген мүфтият сайтында.