Оралдықтардың коммуналдық мекеме қызметіне көңілі толмай отыр
Назарбаев даңғылы бойындағы көпқабатты үйдің инженерлік желілері ауыстырыла бастады. Жаңғырту жұмыстарын пәтер иелері кооперативі емес, тұрғындар өздері қолға алған. Олар коммуналдық қызмет көрсету ұйымының жұмысына разы болмай, өзін-өзі басқару серіктестігін құрыпты. Қазір әр пәтерден жиналған қаражатты тұрғындар ортақ іске жұмсап, келеңсіздіктерді бірлесе жойып отыр.
Рауза Траисова, қала тұрғыны:
- Айман атты қызымыз құжаттарымызды қайтадан жинастырып жатыр. Өзіміздің Виталий есімді сантехнигіміз бен аула сыпырушымыз бар.
Дәл осы даңғылда орналасқан тағы бір үйде меншік иелері бірлестігі құрылды. Мағаз ақсақалдың бастамасын тұрғындар бірауыздан қолдапты. Әзірге пәтер иелер кооперативімен арадағы келісімшарт мерзімі аяқталмаған. Десе де тұрғындар жаңа басқару үрдісіне сай, қазірден бастап қосымша есепшот ашты.
Мағаз Қапенов, Меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Күрделі жөндеудің бір шаршы метріне 14.5 тг кетеді. Есептесек, жылына шамамен 10 мың теңге. Менің үйімнің ауданы 54 шаршы метр, айына 485 теңгедей шығады.
Ал Громов көшесіндегі 5 қабатты жатақхана күтімсіз тұр. Коммуналдық мекемелер бұл ғимаратты күтіп-ұстауға құлықсыз, өйткені нысан әбден тозған. Оның үстіне кейбір пәтер иелері ай сайын ақша төлеуге келіспейді.
Айман Меңдәлиева, қала тұрғыны:
- Азып-тозып тұрған жатақхана болған соң, оны күтіп ұстауға ешкім келіспейді. Себебі алатындары 50 мың теңге. Бірде тарақан, бірде қандала шығып мазаңды алады.
Оралда 1244 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның тек алтауында ғана меншік иелері бірлестігі, біреуінде көппәтерлі тұрғын үйлердің жай серіктестігі құрылды. Ал жүздеген ғимаратта басқару ұйымы мүлде жоқ.
Нұртілеу Шайдығалиев, Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- 2020 жылы 80 үйге осы жаңа басқару нысанын түсіндіру туралы жұмыстар жүргізілді. Қазір карантин талаптарының күшейтілуіне байланысты түсіндіру жұмыстары бөлімде тұрғындарды қабылдау арқылы және телефон байланысымен берілуде. Қазір басқару нысанынсыз тұрған 300-ден астам үй бар.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Байқағанымыздай, көпқабатты үйлердің тұрғындары коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының жұмысына риза емес. Олар әр пәтерден жиналған қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын білмейді. Тіпті жауапты мекемеге барып сұраса да, мардымды жауап ала алмайтындарын айтады. Ал өзін-өзі басқару ұйымдарын құруға кейбір тұрғындар тәуекел еткісі келмейді. Сондықтан коммуналдық мекемелердің қызмет сапасын қадағалауды күшейтуді немесе жаңа басқару үрдісін енгізуге қатысты түсіндіру шараларын ширатуды сұрайды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов