Журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы дүниеден озды
Ол қазақ журналистикасында өзіндік дара қолтаңбасымен ерекшеленді. Әрі кескін-келбетімен, адами болмысымен дараланған дарынды журналист, кәсіби шеберлігімен кейінгі жас буынға үлгі болған ұстаз еді. Көп жыл «Хабар» Агенттігінде еселі еңбек етті. Оның «Құрдастар», «Бетпе-бет» секілді он шақты авторлық бағдарламасы қалың жұрттың ықыласына бөленді.
Нұртілеу Иманғалиұлы бар қарым-қабілеті мен күш-жігерін қазақ журналистикасының дамуына арнады. Тұлғасы қандай болса, сөзі де ірі-кесекті болатын. Эфирді жүргізу тәсілі ешкімге ұқсамайтын. Оқиғаны сабырмен пайымдап, нақты дәйекпен, шынайы дерекпен жеткізетін. Сондықтан да оның авторлық «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Бетпе-бет» секілді бағдарламаларының аудиториясы кең болды.
Тілеуқабыл Мыңжасар, журналистика ардагері:
- Нұртілеу телевизияның нағыз тұлпары еді. Сол телевизияда айтылатын сұлу сөздің сұңқары еді. Егер біз телевизияны бір өнер деп есептейтін болсақ, сол өнердің ең биік шыңына жеткен Һас тұлпардың нақ өзі болатын. Тамаша дос, жақсы азамат бақилық болды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Ләззат Айтханқызы, журналистика ардагері:
- Ол кісі әр хабар шығарылымының әдіс тәсілдерін ойластырып, үнемі ізденісте жүретін. Бізге де соны айтып отыратын. «Тек көрініс қатары әсерлі емес, сондай-ақ мән-мағынасы, мазмұны терең болуы керек» дегенді үйретті. Бақұл бол, аға!
«Бетпе-бет» бағдарламасының соңында айтылатын осы ізгі сөз халық арасында кең тарады. Автордың тілегіне көрермен разы болатын, әрине. Нұртілеу Иманғалиұлы өз кәсібінің биіген шықты. Ел ықыласына бөленді.
Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Телевизия өнерін өмірім деп білетін, әрбір хабарында өзіндік қолтаңбасы бар, бүкіл болмысымен телевизияның синтездік өнер екенін түсінетін екі адам болса, соның бірі Нұртілеу аға болатын. Еш уақытта эфирге рухани әлемі бос болып шықпайтын. Айтары бар азамат еді.
Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері. 2007 жылы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Басқарма төрағасы болды. Бірақ ешқашан журналистикадан қол үзген жоқ. Өмірінің соңына дейін өзінің авторлық бағдарламаларын жүргізіп келді. Бүгінде елімізге танымал болған журнанистердің кәсіби жетілуіне ықпал етті.
Амангелді Сейітхан, журналист:
- Өз аудиториясына соншалықты адал болды. Адалдығы сонша, қаншалықты ауырып тұрса да, қанша жаны қиналып тұрса да эфирде көрсетпейтін. Ағамыздың телеөнердегі алатын орны ерекше. Біреу дүниеден өткенде өзі жиі айтушы еді: «Бұлар бір-бір мектеп қой, сол мектепті біз дәріптеуіміз керек, содан үйренуміз керек», – деп. Енді Нұрекеңнің өзінің де мектебінен шәкіртті көптеп тәрбиелейтін жағдайға келдік.
Зейін Әліпбек, журналист:
- Шынында да ағамыз – журналистік жолы да, табиғи болмысы да дара адам. Журналистік жолы бөлек дейтін себебіміз, ол кісінің жүргізген, дайындаған хабарлары ешбір журналистікіне ұқсамайтын еді. Ал енді адами болмысы бөлек дейтініміз, адамгершілік қасиетке, мінезге өте бай кісі еді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев