Атырау облысында электр энергиясының бағасы қымбаттайды
Әсіресе бар тірлігі электр тоғына тәуелді шалғайда жатқан Азғыр өңірінің тұрғындарына ауыр тиетін сыңайлы. Өйткені шекараны бойлай қоныстанған ауылдар жарықты Ресейден алып отыр. Ең қызығы, осы Атырау қаласынан 600 аудан орталығынан 300 шақырым шалғай жатқан ауылдарға әлі күнге қазақстандық электр желісі тартылмаған.
Экспорттық қуатқа тәуелді ауданды қамту үшін Атырау жарық мекемесі Ресейден алған электр энергиясының тарифін сатып алу құнынан 5,5 есе төмен ұстап келген болатын. Қосымша шығын мұнай компаниялары мен ірі кәсіпорындар есебінен жабылатын. Алайда қаңтардан бастап Атырау жылу қуат орталығы пайдаланылатын табиғи газдың тасымал құны екі есе өсті. Осыған орай электр мен жылудың тарифы да өзгеруі мүмкін.
Ресейдің Волгоград ГЭС-і шығатын электр қуаты алдымен «Сүйіндік» электр тарату бекетіне келеді. Осы жерден басқа ауылдарға бөлінеді.
Досмұқан Иманғалиев, топтық электр желісінің шебері:
- 110 мың кВт-ны сегіз елді мекенге таратып отырамыз. Балқұдыққа 35 кВт, 110 кВт Асанға кетеді. Барлық елді мекенге уақытылы тоқ жетіп тұр. Ондай апаттық жағдай алдыңғы жылдары болды, биыл бәрі жақсы.
Иә, әзірге бәрі жақсы. Бұл – ішкі электр желілеріне үнемі жөндеу жұмыстарының жүргізілуінің нәтижесі. Әйтпесе, бұл желілердің тартылғанына 40 жылдан асқан.
Игорь Әбуғалиев, аудандық электр желілерінің басшысы:
- Қазір Сүйіндік ауылындағы төменгі кернеулі ашық сымды қорғанышы бар сымға ауыстырып жатырмыз. Ол желі осындай боранға, жаңбырға, желге төтеп бере алады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- 300-ден астам тұрғыны бар Сүйіндік ауылына көгілдір отын былтыр жеткен болатын. Алайда табиғи газға тұрғындардың барлығы дерлік қол жеткізген жоқ. Көптеген үй әлі де бұрынғыша электр отынын пайдаланып келеді. Егер де электр энергиясының бағасы қымбаттайтын болса, олар шығынға батамыз ба деп қорқады.
Жәрдемовтер отбасында он адам тұрады. Бүкіл әулет паналап отырған үлкен үй электр қуатымен жылытылады.
Шаймардан Жәрдемов, Сүйіндік ауылының тұрғыны:
- 6 кВт 150 шаршы метр шамасында үйді жылытып тұр. Айына 30-40 мыңға шығады. Тариф көтерілетін болса, оны мен де, қалған халық та төлей алмайды.
Биылға дейін Азғырдағы сегіз ауыл тұтынатын электр энергиясының бағасын отандық компания реттеп келді. Олар Ресейден 1 кВт энергияны 29 теңгеден алып, тұрғындарға 4 теңге 73 тиыннан, яғни Атырау облысының ішкі тарифымен сататын. Бірақ жаңа жылдан бастап облысты электр энергиясы және жылумен қамтып келген орталыққа келетін табиғи газды тасымалдаушы компания тасымал құнын екі есеге көтерді. Салдарынан қазірдің өзінде Атырау жылу қуат орталығының шығыны 2 млрд теңгеден асыпты. Енді орталық та тарифты көтеруге мәжбүр. Тұрғындардың жағдайын ескерген жергілікті әкімдік енді жаңа бағдарлама қабылдауға кірісті.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев