Коронавируспен ауырғандар МӘМС арқылы шипажайда оңалтудан өте алады
Ақпараттың айтылғаны болмаса, оны қолдану мүмкіндігін әлі көпшілік дұрыс түсінбей жүр.
Талия Дипера – былтыр коронавируспен ауырған көп алматылықтың бірі. Бүгінде аяққа тұрғанымен, вирустың зардабы әлі мазалайды екен. Оңалтудан өтіп жүргені де сол себепті.
Талия Дипера, қала тұрғыны:
- Ауырған кезде үш апта емделдім. Арасында тіпті жасанды тыныс алу аппаратында жаттым. Өкпемнің 63% зақымдалды. Жанама әсерлері де қатты болды. Әлсіреп, бүкіл буынымда күш қалмады.
Содан Талия Дипера көмек көрсете алар мекемелерді іздей бастайды. Бірақ тапқаны медициналық сақтандыру бойынша жұмыс істемейтін болып шығыпты. Себебі өзара келісімшарт жасаспаған. Денсаулықтан қымбат не бар дейсіз? Қазір осында ақылы ем қабылдауда. Ал оған шамасы жетпейтіндер не істеуі керек?
Айгүл Хасенова, дәрігер-реабилитолог:
- Науқас жолдаманы учаскелік дәрігерден ала алады. Жекеменшік немесе бюджеттік мекеме болсын, олар МӘМС-пен шартқа отырған. Дәрі-дәрмекті көп қолданбайды. Өйткені бұл физикалық реабилитация болған соң, тек қана жаттығулармен, физиотерапия, массажбен емделеді. Ем-домы тегін болуы керек.
Шипажайда сәулемен, бумен, шөппен, қаласаңыз тұзбен де емдейді. Оған қоса тұмса табиғат, сап ауасы тағы бар. Сондықтан медициналық сақтандыруыңыз болса, учаскелік дәрігеріңізден жолдама беруін талап етіңіз. Оған құқылысыз.
Айгүл Хасенова, дәрігер-реабилитолог:
- Науқас қандай реабилитацияға баратынын өзі таңдай алады. Шипажайға барғысы келсе, онда сол жерге барып емделу мүмкіндігі бар.
Ол мүмкіндік, атап айтқанда, коронавируспен қатты ауырған және өкпенің зақымдалуы 50% асатындарға беріледі. Ал келесі топқа өкпенің зақымдалуы 25% болған, сондай-ақ буын, бүйрек, бауырдың мазалауы сияқты қосымша ауру белгісі барлар жатады.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Дегенмен ескеретін жайт, шипаждайдың бәрі бірдей коронавирустан кейінгі сауықтыру қызметін көрсетпейді. Сондықтан нақты тізімді алдын ала анықтап алу қажет. Сонымен қатар оған баратын жол шығынын да азаматтардың өздері көтереді.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов