Алматыда жаңа құрылыс нысанына қатысты дау туды
Өйткені екі үйдің ортасында жатқан жерді сатып алған меншік иесі көпқабатты ғимаратты тұрғызуды жоспарлап отыр. Дау-дамай осы аумақта орналасқан 12-ші және 91-ші үйлер арасында болып отыр. «Себебі өзі аядай жерде тағы бір нысан бой көтерсе, бізге ыңғайсыздықтар көп болады», – дейді 12-ші үйдің тұрғындары. Ал 91-үйдегілер керісінше ескі баспананы жаңаға ауыстыруды армандайды.
«Самал-2» шағын ауданындағы 12-ші және 91-ші көпқабатты үйдің ортасындағы бір жарым гектар жер қоршалған. Қоршау ішіндегі ескі үйлер сүріледі. Өйткені жер сатылған. Меншік иесі бұл жерге 18 қабатты ғимарат салуды көздейді. Құрылысты бастау үшін қоршаудың сыртына темір бағаналарды орнатып үлгерген. Көше тарылғандықтан, тұрғындардың көлікпен еркін өтуі қиындады. Сондықтан 12-ші үйдің тұрғындары бұл құрылысқа қарсы.
Гүлнәр Көмекбаева, қала тұрғыны:
- Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жерде саябақ, балалар ойнайтын алаңқай болуы керек. Алайда ол жоспардың кейін қалайша өзгеріп кеткені мүлдем түсініксіз. Саябақ орнына 18 қабатты ғимараттың құрылысы жүргізілмек. Егер ол ғимарат салынса, мұндағы жер де, ауа да тарылады.
Алайда 91-ші үйдің тұрғындары болса, ғимараттың салынуына қарсы емес. Өйткені олар сүрілгелі тұрған ескі үйлерде тұрады.
Алмас Садуақас, тілші:
- Мына үйдің іргетасы 1940 жылдары қаланған. Содан бері 80 жыл уақыт өтті. Үй әбден ескірді, тозығы жетті. Дегенмен әр үйдің иесі бар. Ескі болса да бұл үйлерде 50-ден астам адам тұрады. Үйдің қазіргі коммуникациялық жүйелері ескірген, жыл сайын жөнделсе де қабырғалары құлай береді. Сондықтан да бұл үй тұрғындары жаңа пәтерге кіргісі келеді.
Құрылысты жоспарлаған компания 91-ші үйдің тұрғындарына жер телімінің өтеуі ретінде жаңа үйден пәтер беруге ұсыныс жасапты. «Бұл біз үшін тиімді. Сондықтан құрылысқа қарсы шыққан көршілерімізбен келіспейміз», – дейді ескі үйдің тұрғындары.
Алтынай Нұғыманова, қала тұрғыны:
- 12-ші үйдің бізге қатысы жоқ. Ол тұрғындар біз үшін неге ондай шешім қабылдайды? Қазір тұрып жатқан үйімізді сүрілетін үйлердің қатарына жатқызып, бізге басқа жерден баспана берсе, оған неге келіспеске?!
Бақыт Даубаев, қала тұрғыны:
- Қазіргі үйіміз орналасқан жерден пәтер берсе, біз келісеміз. Өйткені осы жаққа үйреніп қалдық, басқа жерге көшкіміз келмейді. Тұрғындардың бәрі солай деп отыр. Барлығы осында тұрғысы келеді.
Десе де жерді алған меншік иесі де, мердігер мекеменің өкілі де тұрғындармен кездеспеді. Қандай ғимарат салынатыны туралы нақты дерек жоқ. Анығы «Диалог строй» компаниясының атынан қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасына құрылыс жүргізу туралы алдын ала хабарлама беріліпті. Бірақ ол қандай ғимарат болатынынан басқарма басшылығы әзірге хабарсыз. Көршілер арасындағы келіспеушілік әлі ұзаққа созылатын түрі бар. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев орталықта құрылысты бей-берекет жүргізуге тыйым салған еді.
Жалпы Алматының тарихи орталығында 36 жер телімінің жеке меншікте екені анықталды. 14 жер телімінде құрылыс басталды. 3 нысанның құрылысы тоқтатылып, рұқсат құжаттары қайтарылған.
Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев, Эдуард Кон