Пандемия басталғалы елімізде қандай жұмыстар атқарылды?
Қауіпті вируспен күресте еліміз қандай қиындықтарды басынан өткерді және қандай жұмыстар атқарылды? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевты жауап береді.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Жалпы өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін енгізді. Төтенше жағдай кезінде ҚР Президентінің жанынан Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жқніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Сонымен қатар Үкімет тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Ол әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жатыр. Коронавирус инфекциясы елімізге келген күннен бастап бізде ҚР ДСМ жанынан штабтар, ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталықтары құрылды. Көші-қон бақылауы күшейтілді. 16 модульдік, үш инфекциялық ауруханалар бой көтеріп, жаңартылды. Ең бастысы, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша өте ауқымды жұмыстар жүргізілді. Медицина қызметкерінің жалақылары көтерілді.
Еліміз бойынша жағдай ең ауыр болған өңірлердегі атқарылған жұмыстар туралы айтып берсеңіз.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Пандемия басталғалы бері барлық өңірде жағдай өте ауыр болды. Топтар жұмыстары бірдей жүргізілді. Жаздыгүні ШҚО-да аурулар саны бірден көтерілді. Оны Үкімет басшысы орынбасарының бастауымен, күрестің дұрыс жүргізілуімен бұл қиындықтан да шықтық.
Медицина қызметкерлерінің қаншасына өтемақы берілді және барлығы қанша сома жұмсалды? Тағы қаншасына берілуі тиіс?
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Ең бастысы, пандемия басталғалы бері медицина қызметкерлерінің жалақысы 20-30% көтерілді. Сондай-ақ жұмыс барысында коронавирусты жұқтырған 9300 медицина қызметкеріне өтемақы төленді, 215 қызметкер дүниеден өтті. Олардың жанұялары уақытылы өтемақыларын алды. Бүгінгі таңға дейін жалпы 20,7 млрд теңге төленді.