«Оймашы» полигонында оқу-жаттығу жұмыстары өтті
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты бөлімдер мен теңіз жаяу әскерлері бригадасы, таңсәріден «Оймашы» полигонында сап түзеді. Жылына бір рет өтетін рота-тактикалық жаттығуға бұл жолы әскери әуе күштерін қоса алғанда, 80-ге жуық соғыс машинасы қатысты. Ашық далада және қолма-қол ұрыс кезінде әр ротаның қару-жарақ түрлерін шапшаң әрі дәлдікпен қолдану шеберлігі сыналды. Биылғы ерекшелік – кейбір жауынгерлік тапсырмалардың түнгі уақытта орындалуы.
Асылхан Мұқышев, Теңіз жаяу әскерлері бригада командирінің орынбасары:
- Бірлескен рота-тактикалық топтардың әлеуеті аса зор. Жауынгерлерді Т-72, БТР-82А секілді соңғы үлгідегі соғыс машиналары қорғайды. Бұған артиллерия мен әскери әуе көліктерін, инженерлік құрылымдар мен көктен шабуылға қарсы қорғаныс құралдарын қосыңыз. Қару-жарақ түрлерін қандай жағдайда қолдану қажеттігін бөлімше командирінің өзі шешеді.