Мүлік иелері бірлестігіне өту қаншалықты тиімді?
Құбыр жарылса, өрт шығып, су басса, кейбір жауапты адамдарды орнынан табу қиын еді. Әлі де солай!
Енді сол ПИК-тің орнын мүлік иелері бірлестігі басқалы отыр. Бұл тәсіл озық елдердің көбінде бар.
Мұрат Қарабаев – мүлік иелері бірлестігінің төрағасы, яғни осы үйдің тірлігіне тікелей жауапты тұлға. Оны былтыр тұрғындар өздері сайлаған. Айтуларынша, осыған дейінгі мекеме өкілдерінің жұмысына көңіл толмайтын. Сол үшін тұрғындар тізгінді өз қолдарына алуды жөн санапты. Қазір үйдің шұрық-тесігі жамалып, түтіні түзу ұшып жатқан көрінеді.
Мұрат Қарабаев, МИБ төрағасы:
- Алдыңғы басқарушы компаниямен салыстырғанда, бізде еш жерден су ақпайды. Егер бір жерде апат болса, 1-2 сағат көлемінде жөндеп тастаймыз. Бұрынғыдай диспетчерге хабарласып, олар үш күннен кейін келеді деген мәселе қазір жоқ. Қар жауса, оны да тезірек тазартамыз.
Мұрат Қарабаевтың айтуынша, бірлестік жұмысы тұрғындарға тиімді. Себебі ПИК бірнеше үйге қызмет көрсетеді. «Аударылған ақшаның қайда жұмсалатынынан бейхабар едік», – дейді. Қазір басқаша. Бюджет ашықтығы қалыптасқан. Әрі тұрғындардың әр істі өздері жоспарлауға мүмкіндігі бар.
Марғұлан Әбдікәрімов, «ТКШ Жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департамент басшысы:
- Көпқабатты тұрғын үйлер бір бірлестік, бір есепшот қағидатымен жұмыс істейді. Соған байланысты есепшот тұрғындардың өз қолына түскеннен кейін, көп жұмысты өздері қадағалап, мониторинг жүргізіп, тексеріп қабылдауға мүмкіндігі бар.
Бұл жүйе Польша мен Германияда қарқынды дамыған. Шетелдік тәжірибенің игілігін қазір біздің азаматтарымыз көріп жүр. Мәселен, былтырдан бері ел бойынша екі мыңға жуық осындай бірлестік қызметі тіркелген. Ал бір ғана елордадағы 240 үй бірлестік жұмысын жоғары бағалап үлгерген.