Жалақының мардымсыздығынан еліміздің энергетика саласының мамандары шетел асуға мәжбүр
Еліміздің тағы бір саласында қиындықтар бар.
Мысалы, энергетика секторында білікті мамандар жетіспейді. Олардың жаппай жұмыстан кетуіне себеп – жалақының мардымсыздығы.
Қайда тартсаң да жетпейді. Тәжірибелі мамандар еңбекақысына көңілі толмай, жылы орнын тастаса, жастардың бұл салаға жолағысы жоқ.
Оның үстіне жыл өткен сайын станция қондырғылары ескіріп барады, ал электр қуатына деген сұраныс керісінше артып отыр.
Бегалы Сайрамов осыдан тура 8 жыл бұрын №3 Қарағанды жылу энергия орталығына қатардағы маман болып жұмысқа орналасады. Табанды еңбегінің арқасында ауысым басшысы лауазымына дейін көтерілген. Енді ол қарамағындағы жастардың кетіп жатқанына қынжылады.
Бегалы Сайрамов, №3 Жылу энергетика орталығының ауысым басшысы:
- Менімен бірге істеп жатқан жас мамандардың барлығы еңбекақының төмендігіне байланысты жұмыстан кетіп жатыр. Жанұямда 4 бала бар. Жұбайым үйде жұмыссыз отыр. Айлығымызды жеткізуге өте қиын болып жүр.
Аса үлкен жауапкершілікті, терең білімді және жоғары біліктілікті талап ететін энергетик мамандарын даярлауға бірнеше жыл кетеді. Бірақ соңғы кездері жастарды бұл салаға тарту оңай болмай тұр. Себебі жалақысы кеншілермен салыстырғанда 45 %, ал өңдеуші өнеркәсіп еңбеккерлерімен салыстырғанда 25 % төмен. Соның салдарынан жастар жұмысқа келмейді, ал тәжірибелі мамандар керісінше кетіп жатыр. Қазір энергетиктердің орташа жасы 50-ден асып кеткен.
Сабырғали Ыдырысов, компанияның бас директоры:
- Қазақстанның энергетика секторында өте күрделі жағдай туындап отыр. Біліктілігі жоғары кәсіби мамандардың көпшілігі өзге салаға кетіп жатыр. Оған басты себеп - жалақының аздығы. Сондықтан бізге мейлінше энергетик мамандығының мәртебесін және жалақысын көтеру керек. Сонда ғана бұл мәселе шешіледі.
Энергетика саласын қаржыландырудың жалғыз жолы – тариф. «Оны өсірмей, мамандар тапшылығын жою мүмкін емес», – дейді экономистер.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев