24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні
Қазір елімізде бұл ауруға қатысты өлім-жітім көрсеткіші 5% азайған. Елімізде туберкулездің алдын алу, диагностика жасау, оны емдеу тегін. Өткен жылы ауруға шалдыққандар саны шамамен 23% төмендеген. Мамандардың айтуынша, қазір құрт ауруынан құлан-таза айығып кетуге болады. Арнайы аппараттың көмегімен екі сағатта туберкулезді анықтайды және ауруға қарсы дәрілердің науқас ағзасына қалай әсер ететіні де зерттеледі. Бұл кеселдің алдын алу үшін жылына бір рет профилактикалық тексерістен өтіп тұрған абзал.
Жұмабек Бекенов, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы департаментінің директоры:
- 2010 жылдармен салыстырсақ туберкулезбен аурушаңдық 2, 3 есе азайды. Жетістігі – ауруды дер кезінде анықтау және сапалы емдеу. Аурудың емін үзбеу керек. Бір апта үзсе, ауру қайта өршіп, жаман күйге түседі. Бұл ауру емделеді. Тек дәріні уақытында қолдану керек.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде 11 мыңнан аса қазақстандық туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұр. Өткен жылы жұқпалы аурудан 2 мың 442 науқас мүгедек болып қалды. Дертті жеңу үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет.