Атырау облысында су тасқыны толастар емес
Ағысы қатты су Сағыз елді мекені маңындағы жолдар мен көпірді және өткелдерді шайып кетті. Сондай-ақ кенеттен көтерілген тасқын Ақтөбе мен Атырау арасындағы күре жолдың үстіне жайылып, көлік қозғалысын қиындатты. Бүлінген көпірді Ақтөбе-Атырау жол құрылысына жауапты мекеме жөндеуге кірісті. Оған онға жуық техника жұмылдырылған.
Нұрәлі Әбишан, Сағыз ауылдық округінің әкімі:
- Қардың қалыңдығынан жиналып, жаңбыр болды. Жаңбыр қарды ерітіп, сайдың өзеннің бойымен суын толтырып тұр ғой. Ноғайты өзенінің үстімен өтетін көпір болып еді бұрын. Соны бұзып тастап, қайтадан жаңа көпір салу үшін былтыр уақытша көпір салып қойып еді. Сол уақытша көпірді су шайып кетті. Қазір ол көпірді қалпына келтірдік. Судың деңгейі қазір едәуір түсті.