Қостанай автозауытында көлік шығаратын жаңа өндірістік желі іске қосылды
Үкімет басшысы облыстағы автокөлік және ауыл шаруашылық техникалары өндірісімен танысып, осы саладағы инвестициялық жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын пысықтады.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қостанай автозауытында әлемдік бренд саналатын көліктің үш түрлі маркасы құрастырылады. Олардың қатарында КІА бар. Жоба шеңберінде жылына 20 мың машинаның осындай түрін шығару көзделіп отыр. Және дәнекерлеу, бояу, басқа да ұсақ торапты өндіріс технологиялары осында атқарылады. Яғни отандық өндіріс үлесі 50% жеткізіледі.
Сондай-ақ Премьер-Министр Қостанайдағы ірі жобаның бірі – шойын құймасын өндіру зауытының құрылысымен танысты. Оның бірінші кезеңін биылғы жылдың қазан айында, ал екінші және үшінші кезеңдерін 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Жоба 80 млрд. теңгеге бағаланып отыр. 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мұнымен қоса, Үкімет басшысы ауыл шаруашылық техникаларын құрастыратын зауыттың оқшаулау орталығында болды. Мұнда металды лазермен кесуге, майыстыруға, сырлау, дәнекерлеуге арналған автоматтандырылған желілер орнатылған. Бұл оқшаулау орталығында ауыл шаруашылығы техникаларының 1200-ден астам бөлшегі шығарылатын болады.
Премьер-министр шетелдің танымал компанияларының басшыларымен кездесіп, автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Ауыл шаруашылығы техникасын Қазақстанда шығару жайы сөз болды.
Келіссөздер қорытындысында автомобиль жасауда бірлескен жобаларды іске асыру бойынша 9 құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Премьер-Министр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг