Коронавирустың тағы бір жаңа штамы пайда болуы мүмкін
Әзірге қазақстандық ғалымдар оған тән мутацияны зерттеп жатыр. Індет кезінде мұның қалыпты құбылыс екенін де жоққа шығармайды. Себебі вирус ортаға тез бейімделеді екен. Ең қызығы, коронавирустың бұл штамы Алматыға ғана тән болуы мүмкін. Еске сала кетейік, бұған дейін қалада оңтүстік африкалық және британиялық штамдар анықталған.
Жаңа штамды анықтау үшін қосымша секвенирлеу жұмыстары жүргізіледі. Бірнеше аймақтан үлгі алынады. Тек тыңғылықты зерттеуден кейін ғана нәтижесі айтылады.
Виталий Строчков, микробиолог:
- Қазіргі уақытта біз наурыз айында алынған екі үлгіні зерттеп жатырмыз. Оның біреуі – британдық штамм. Сәйкестік 100%. Екіншісі – оңтүстік африкалық штамм. Оның да көрсеткіштері тура келді. Бірақ өзгерістер бар. Ал үшіншісінде басқа изоляттар байқалды. Оған қосымша зерттеулер жүргізу қажет. Оның бекітілген мутация екенін нақты білгенде ғана айта аламыз.
Коронавирус мутациясына тән көрсеткіштерді осы сала мамандары ғана жақсы түсінеді. Халықаралық вакциналогия орталығы қызметкерлері бастаған ғалымдар 12 сынамаға генетикалық талдау жүргізді. Одан оңтүстік африкалық және британдық штамдарды тауып, халықаралық USAID базасына енгізді.
Қайсар Табынов, Халықаралық вакциналогия орталығының директоры:
- Қазіргі таңда бұл сынамаларды биологиялық қауіпсіздігі үшінші деңгейдегі зертханада және аса қауіпті аурулардың ғылыми орталығының вирусты бөлімінде зерттеп жатыр. Вирус бөлінгеннен кейін вакциналардың тиімділігін тексереміз.
Коронавирустың алғашқы жаңа мутациясы өткен жылдың желтоқсанында анықталды. Британдық штамм жұқтырғандардың көпшілігінде жөтел, тамақ ауруы, тез шаршау, бұлшықеттің ауруы және қалтырау байқалды. Бірақ қазір ғалымдар: «Вирустың оңтүстік африкалық түрі аса қауіпті», - дейді. Десе де екеуі де вирустың базалық түріне қарағанда өте тез тарайды. Жұқтыру көрсеткіші 50-70% жоғары.
Қайсар Табынов, Халықаралық вакциналогия орталығының директоры:
- Оңтүстік африкалық мутация ғалымдар тарапынан үлкен үрей туғызып отыр. Көптеген вакцинаның тиімділігі төмендеу болып тұр. Зерттеулерден осындай мутациялардың Қазақстанда да таралғанын көреміз. Бірақ ол қаншалықты кең таралған? Оны анықтау үшін ауқымды зерттеулер керек.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Дәл секвенирлеу аппаратында британдық және оңтүстік африкалық штамдарға тән коронавирустың мутациясы анықталды. Ол геномдық талдау арқылы белгілі болды. Қазіргі уақытта осы вирус мутациялары бойынша сынамалардан вирус бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол отандық ғалымдарға вакцинамен қатар, дәрілік заттардың тиімділігін анықтауға мүмкіндік бермек.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жақыпов