Қарағанды облысының Құрма ауылында батпақтан аяқ алып жүргісіз
Жаяу адам тұрмақ, көлікпен өтудің өзі мұңға айналған. Тұрғындардың айтуынша, су құбырын ауыстырған соң, көшелер осындай күйге түскен. «Бұл – мердігердің шала жұмысының салдары», - дейді олар.
Көкен Амантаев, Құрма ауылының тұрғыны:
- Амал нешік енді, не істейміз? Құрғай ма, құрғамай ма белгісіз. Қазір тағы жаңбыр жауып жатыр. Былтыр су тартамыз деп барлығы түсіп кетті ғой. Көршілер, жігіттер қиыршық тастарды себеді-себеді, бәрібір жолдың астына түсіп жатыр.
Қарағандыдан небәрі 20 шақырым қашықтықта орналасқан Құрма ауылына өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауызсу тарту жұмыстары басталған. «Бірақ жауапсыз мердігер жұмысты лайықты деңгейде атқармады», - дейді тұрғындар.
Ерлан Зәкіров, Құрма ауылының тұрғыны:
- Мердігердің өзі Жезқазғанда тұрады. Қосалқы мердігерлер Шымкенттікі. Олар жарты жұмысты істеп тастап кетті. Одан кейін Қызылордадан келді. Қазан айында әкімге барғанмын. Мердігерге де суық түсті, жұмысты тоқтатыңдар деп айтқанмын. Олар: «Жоқ, біз жоспарды орындау керекпіз», - деп тыңдамай, 20 желтоқсанға дейін қазып, құбырды қалай болса солай салып, жауып тастаған. Ол – бір мәселе. Қазір енді қар еріді, жол жоқ. Балалар не мектепке бара алмайды, не біз көшеде көлікпен жүре алмаймыз. Ойыққа түсіп кетеміз бе деп жүруге қорқамыз.
Жергілікті жұрттың айтуынша, су тарту жұмыстарына дейін барлық көшеде асфальт болған. Кейін топырақтың астында қалыпты. «Енді соны трактормен қырып, жаяу жүретін жолды ашып берсе болды», - дейді тұрғындар.
Саят Мусин, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
- Кез келген құрылыстан кейін осындай саз, батпақ пайда болады. Оның үстіне кеше жаңбыр жауды. Бірақ халықты осы мәселемен жеке қалдырып жатқан жоқпыз. Су құбырын жасап жатқан мердігерді осында шақырттық. Қазір бірге бүкіл көшелермен өтіп, қандай жерде нендей жұмыс істеу керегін талқылап, әрі қарай жұмысты жалғастырамыз.
Жалпы бұл жоба екі жылға жоспарланған. Былтыр 17 шақырым құбыр жаңартылыпты. Қалғаны тамыз айына дейін аяқталуы тиіс. Тек содан кейін ғана көшелерге жол салу жұмыстары басталмақ. Ол үшін қазынадан тиісті қаржысы бөлініп те қойған. Тек тендер жеңімпазын анықтау керек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев