Қостанай облысында 20 мыңға жуық адамға вакцина салынды
Ал дәрігерлердің айтуынша, коронавирусты жеңу үшін ұжымдық иммунитет керек. Ол үшін халықтың жартысынан астамы вирусқа қарсы екпе алу керек. Қостанайдағы емханаларға өз еркімен келіп, екпе алып жатқандар көбейіп жатыр. Алғаш вакциналаудан өткендердің ешқайсынан қандайда бір теріс әсер байқалмаған. Енді олар екпенің екінші компонентін қабылдап жатыр.
Екінші мәрте екпе салдырып жатқандардың бірі – Жаңабай Хамитбеков. Ол қызметтік көлік жүргізушісі. Айтуынша, өзі жұмыс істейтін мекеме қызметкерлерінің басым бөлігі вакциналаудан өткен. «Екпеден кейін бастапқыда дене қызуы байқалғанымен, кейін қалпына келді», – дейді.
Жаңабай Хамитбеков, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Вакцина салдырдым, қорқатын түгі жоқ. Ешкім мені міндеттеген емес. Қазір әр жерде осындай ауру толып жатқан соң салу керек. Бұл дертті таратпаудың жолы – вакцина алу.
Бүгінде өңірдегі 31 медициналық мекемеде 62 егу кабинеті жасақталған. Қажеттілік туындап жатса, олардың санын 150-ге дейін көбейтуге мүмкіндік бар. «Ал әзірге екпе алуға ниет білдіргендерді қабылдап үлгеріп жатырмыз», – дейді жауапты мамандар. Облыс орталығындағы №4 емханада ғана күніне 50-60 адам вакцина салдырады.
Әлібек Ермағанбетов, дәрігер:
- Адамдар келіп жатыр. Тіпті алдын ала жазылғандар да бар. Барлықтарының ынтасы мол. Өйткені коронавирусты жеңу үшін ең алдымен ұжымдық иммунитет қажет. Ол үшін 50-60% астам халық вакцина алу қажет.
Облысқа өткен апатада 13 мыңға жуық вакцина жеткізілді. Айдың соңына дейін тағы 45 мың 400 данасы әкелінеді деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг