Фосфор зауытының жұмысшылары жаппай вакцина салдыруда
Қазір аймақта 36 пункт жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 18 арнайы жылжымалы медициналық бригада ұйымдастырылған.
Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындары мен ірі кәсіпорындардың қызметкерлеріне жұмыс уақытында екпе алуға мүмкіндік беріп отыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Біз қазір №2 қалалық емхана мамандарымен бірге жаңа Жамбыл фосфор зауытына аттанып бара жатырмыз. Ол зауыт өте шалғай болғандықтан арнайы контейнермен вакциналар жеткізіледі. Қазір осы дәрігерлер барып жұмыс орнындағы зауыт қызметкерлеріне екпе жасайтын болады.
Көшпелі бригада күніне вакцинаның 40 дозасын салады. Зауыт қызметкерлері екпе салғызбас бұрын дәрігерге жіті тексеріліп, қаралады. Денсаулығы қалыпты болған жағдайда ғана вакциналауға жіберіледі.
Мейіржан Жасұзақ, көшпелі бригада жетекшісі:
- Күнделікті жоспар – бір екпе егу, көшпелі бригадасына 40 адамнан аспау керек. Сол тәртіппен кезең бойынша жалғаса береді. Осы зауыттан 370-тен аса қызметкерлерге «Спутник V» вакцинасы енгізілді. Алдағы уақытта мың доза жоспарлануда.
Жалпы өңір бойынша жыл соңына дейін 600 мыңнан астам азаматқа вакцина салу жоспарланып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі күнге дейін екпе салғызғандар арасында денсаулықтарына қатысты келеңсіз жағдай тіркелмеген.
Гүлфайра Мырзабекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы:
- Бүгінгі күнге дейін вакциналанған 15 мың адамның 40% – медицина қызметкерлері. Ал 23% – білім саласының мамандары. Сондай-ақ 400-ден астам студент пен түрлі күш құрылымдарының жұмысшылары салғызды.
Індеттің алдын алу шаралары қарқынды жүргізіліп жатса да, облыс «сары аймаққа» енді. Инфекция жұқтырғандар саны өсіп барады. Соңғы аптада 277 адамнан коронавирус анықталған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 110 науқасқа көп.
Гауһар Макуетова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
- Тараз қаласында, Қордай және Байзақ аудандарында көп кездесіп жатыр. Санитарлық талаптардың орындалмау жағдайы белең алып отыр. Мысалы, бізде әлі де той тойлау, мерекелік шараларды ұйымдастыру шектелмей отыр. Кәсіпкерлерге қанша жерден айыппұл салынып, қатаң жазалар қолданылса да жағдай өзгеріссіз қалуда.
Мамандардың айтуынша, облыста эпидемиологиялық жағдай соңғы үш күнде күрт нашарлаған. Қазір санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде карантиндік шараларды күшейту жөнінде қаулы әзірленіп жатыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә