Қазығұрттық өнертапқыш тұрмысқа қажетті құрылғылардың түр-түрін қолдан жасап шығарады
Он саусағынан өнер тамған шебер жемтартқыш, шөп турағыш, кірпіш құятын қондырғының түр-түрін қолдан жасап шығарған.
Құрылғылар қарапайым болғанымен, шаруалар үшін атқаратын қызметі орасан.
Бұл – түктеп жиналған шөпті малға ұнтақтап, турап беретін құрылғы. Оның ерекшелігі – бір ғана адам трактордың соңына тіркеп алып, бордақылау алаңындағы мыңдаған ірі қараны азықтандырып шығуға болады. Өнертапқыш Бейбітшілік Әліқұлдың айтуынша, аппарат тек шөпті ғана емес, жүгері соясы мен қамысты да турай береді.
Шебер бұндай құрылғыға тапсырыс малды көп өсіретін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінен көптеп түсіп жатқанын айтады. Сынтас ауылындағы бұл үйдің ауласы шағын зауыт іспетті. Есік алдында қолдан құрастырылған неше түрлі құрылғы тұр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы Жәнібек те әкесінің қасында жүріп, темірдің тілін үйренген. Қазір өзі де кез келген дүниені жасай береді.
Жәнібек Әліқұл, өнертапқыштың ұлы:
- Бұл жем тартатын аппарат. Трактордың көмегімен сағатына 3 тоннаға дейін тартады. Бұл сатылып кетті. Енді бізге осының тоқпен жұмыс істейтініне тапсырыс түсті. Қаңқасын құрап қойдық. Тапсырыс көп.
Ал бұл – жем тартатын аппарат. Оны да Бейбітшілік Әліқұлдың өзі құрастырған. Айтуынша, 2 минутта 100 келі бидайды жемге айналдырады. Ауыл тұрғындарының барлығы жемді осы үйге келіп тартқызады. Бидайдың әр қабына 200 теңгеден ақысын алады. Бұдан бөлек қыштан кірпіш құятын құрылғы ойлап тапқан. Оның қалыбын да әр түрлі формада етіп өзі жасаған.
Бейбітшілік Әліқұл, өнертапқыш:
- Сондай-ақ шөп пен жемді араластырып, комбикорм жасайтын кішкентай грануляторлар жасаймыз. Оны балыққа Балқаштың балалары алып кетіп жатыр. Мұның бәрін өзім ойлап тауып жатырмын. Еш жерде сызылмаған, көрілмеген. Өзімнің қиялымнан, өз ойымнан туындаған.
Он саусағынан өнер тамған шебер қажетті шикізатты темір қабылдайтын орындардан сатып алатынын айтады. «Себебі ескі заттар қазіргі дүниелерге қарағанда сапалы болады», – дейді. Бағасына келіссе, кез келген құрылғыны жасап береді. Қазір зейнет жасындағы шебер бар білгенін ұлы Жәнібекке үйретуде.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы