Қашағанда терең ұңғымалы кен орындарын тексеру жұмыстары жүріп жатыр
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің өкілдері «Қашаған» кен алаңында қолға алынып жатқан теңіз табанын тереңдету жобасымен танысты.
Қолға алынып жатқан канал жасанды аралдарды өзара жалғастырып, сырттан тасымалданатын жүктерді жеткізуге негіз болмақ. Ұзындығы 56 шақырымдық каналдың құрылысы маусым айында басталады. Ендігі мәселе: теңіздің тұмса табиғатына жаңа жобаның әсері қандай? Жалпы Каспий теңізінің солтүстік жағалауы – бекіре тұқымдас балықтар мен итбалықтардың шоғырланатын аймағы.
Сағиден Ербөлеков, компанияның экологі:
- Жобаның балықтың, итбалықтардың көшіп қону миграциясына тікелей әсері жоқ. Себебі бұл итбалықтардың көбею кезеңі қыс айларында жүргізіледі.
Соңғы 10 жылда Каспий теңізі айтарлықтай тартылған. Қазір жасанды аралдар тұрған аймақтың тереңдігі 1.5-2 метрден аспайды. Бұл өз кезегінде үлкен кемелердің қатынауына айтарлықтай кедергі келтіреді. Демек, канал құрылысы – кезек күттірмейтін шара.
Питер Струла, жоба жетекшісі:
- Канал құрылысына фрезерлік жер снарядтарын пайдаланамыз. Теңіз табанынан алынған топырақ арнайы сорғы арқылы жинап алынады. Сөйтіп, судың лайлануын 90% дейін төмендете аламыз.
Теңіз табанын тереңдету тек жаз айларында ғана жүргізіледі. Демек, көктемгі балықтар мен құстардың миграциясына қауіп жоқ. Сондай-ақ жоба жұмысы құзырлы органдардың үнемі бақылауында болады
Зұлфұхар Жолдасов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:
- Негізі балық жағынан, құс жағынан жан-жақты ғылыми қорытынды бар. Біздің комитет жобаны орындау кезінде экологиялық шаралардың орындалуын теңізге шығып, бақылауда ұстайды.
Теңіз табанын тереңдетуге байланысты Атыруда арнайы қоғамдық бақылау комиссиясы құрылды. Оның құрамында жергілікті табиғат жанашырлары мен мен экологтар бар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев