«Еңбек» бағдарламасымен оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған халық кері қайтуға бекініп отыр
Тұрғындар онда қыста тұру мүмкін емес екенін айтып жылда шағымданады. Бірақ нәтиже жоқ. Енді өңірде сапасыз салынған үйлерді Президент Әкімшілігі тексереді.
Сырты бүтін, іші түтін. Қаз қатар тізіліп, көздің жауын алатын бұл үйлер «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынды. Айыртау ауданына өзге өңірлерден қоныс аударғандар қазір кері қайтуға бекініп отыр. Өйткені халық үшін еш жағдай жасалмаған.
Асқар Шотбаев, Саумалкөл ауылының тұрғыны:
- Мына төбенің үстінде жүріп басатын болсаң, ол опырылып, үйдің ішіне түсесің. Күн жылығаннан кейін, төбеден су сорғалайды.
Үй былай тұрсын, көшеде жарық пен жол да жоқ. Аудандық әкімдіктегілер: «Қаржы қалай бөлінеді, мәселе шешіледі», - деп сендірді.
Рифхат Әшімов, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:
- Су тартылмаған 21 үй қалды. Ол үшін 7 млн теңге қаражат керек. Бюджеттен ақша бөлінсе, су құбыры жүргізіледі. Ал жолға келер болсақ, биыл тек қиыршық тас төселеді. Желілердің бәрі тартылып, жол жабындысы әбден тапталған соң барып, асфальт төселеді. Себебі, бұл - батпақты жер.
Мұрат Жүнісов балаларының болашағы үшін деп Чапаево ауылына Түркістан облысынан қоныс аударған. Екі жылдай уақыт болды, көргені – тек бейнет. Алған баспанасының қабырғалары суықта сыз тартады.
Мұрат Жүнісов, Чапаево ауылының тұрғыны:
- Бұл үйге көңілім толмайды. Бірақ осы аймақта өмір сүруге болады. Үй мұздай. Бала-шағам әлі жас. Тоңғандықтан, үйде киіммен жатады.
Бибісара Құттыбаева, Чапаево ауылының тұрғыны:
- Келгенімізге өкінеміз, шындығын айтқанда. Балаларымыз үшін келгенбіз. Бұрынғы ауылымызда жағдайымыз мұндай болмаған.
Ал жергілікті билік болса, құрылыс барысын қадағалай алмайды. Өйткені бұл үйлерді мемлекет дайын күйінде сатып алады. Ал азабын халық тартады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Баспаналардың сапасы айта-айта жауыр болған мәселеге айналды. Кез келген ауданда мұндай жағдай бар. Жергілікті жерде ол қалай шешілетіні әзір белгісіз. Себебі облыстық әкімдіктегілер бұл жайында сұхбат беруден бас тартты.
Жалпы биыл оңтүстіктен солтүстікке квота бойынша тағы 700-ден астам отбасы көшіп келеді деген жоспар бар. Бұл шамамен 2535 адам.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Дамир Берікұлы, Руслан Әлиев