Күріш егу өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға қысқарған
Биыл Сыр өңірі 188 мың гектарға егін егеді. Оның 84 мың гектардан астамы – күріш. Басты дақыл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға қысқартылып отыр. Дегенмен осы күріштің өзін егу және суға бастыру мерзімі айтарлықтай кешеуілдеуде. Егістікті сумен қамтамасыз ету мәселесі арнайы Мәжілісте талқыланды.
Тянь-Шань тауындағы жиналған қар мен мұз жылдағы мөлшерден айтарлықтай аз. Ал Сырдарияның жағдайы Қырғызстандағы «Тоқтағұл» су қоймасының деңгейіне тікелей байланысты екені сөзсіз. Мәселен, 3 жыл бұрын «Тоқтағұлда» 13.7 млрд текше метр су жиналса, биылғы көлем 8.7 млрд текше метр ғана. Яғни 2019 жылмен салыстырғанда «Тоқтағұл» су қоймасының көлемі ағымдағы жылдан 5 млрд текше метрге аз. Трансшекаралық өзенге тіршілігі байланған көршілеріміз де айтулы мәселеге алаңдаулы. Дегенмен Вице-министр Серік Қожаниязов мемлекет басшылары деңгейіндегі келісімдердің нәтижесі бар екенін атап өтті.
Серік Қожаниязов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
- Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында Қырғыз Республикасымен электр энергиямен тауар алмасу жүзеге асырылды. Бұл Достық каналы арқылы жеткілікті көлемде су алу үшін маусым-тамыз кезінде «Тоқтағұл» су қоймасынан 330 млн текше метр көлемінде қосымша су ағызуды жүзеге асырады.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- Бірінші кезекте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен вегетациялық кезеңде жоғарыдан «Шардара» су қоймасына 2.7 млрд текше метр су көлемін түсіруді қамтамасыз етуді барынша сұраймыз. Енді қиын жағдайды түсініп отырмыз. Қазіргі халықтың жейтін наны, еңбек орындары – бәрі осыған байланысты болып тұр.
Өңірде суды үнемдеудің түрлі әдісі қолға алынған. Арналарды тазартудан бастап, егінді әртараптандыруға дейін нақты істер атқарылуда. Аймақ басшысы егінді сусыз қалдырмау үшін тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов