Семейліктер су бағасының қымбаттағанына шағымдануда
Бұл туралы біздің редакциямызға хабарласқан Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданына қарасты Белағаш ауылының тұрғындары айтты. Бұрын текше метріне 30 теңгеден төлеп келген халық көктемнен бері тарифтің бірден 644 теңгеге шарықтағанын түсіне алмай отыр. Қазір жұрт бау-бақша егіп, мал ұстаудан қалды. Өйткені облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес субсидия тек ішетін суға ғана төленеді, ал нормадан артық шығындар қымбат бағамен есептеледі. Тұрғындар бақша мен мал суғаруға, құдық қазып алайын десе, жер астынан су да шықпайды.
Наталья Риве, зейнеткер:
- Бұрын әр үйдің ауласында гүлдер жайнап, бау-бақша өсіп тұратын. Енді қазір оның бірі жоқ, қурап жатыр. Тіпті жұрт бақша салудан қорқатын болды. Судың бағасы бірнеше есеге өсіп кетті шарықтап, бұл сұмдық қой! Күллі Қазақстанда мұндай баға жоқ шығар, текше метрі 644 теңге дегенді қайдан алып отыр?
Ахмет Байжұманов, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл сұрақты шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Маусым айынан бастап бір адамға шаққандағы шекті су көлемін тәулігіне 80 литрден 120 литрге көбейтуді жоспарлап отырмыз. Мәселе әкімдік тарапынан қатаң бақылауда.