Арал ауданында мүйізді ірі қараның қырылуына тосқауыл қою шаралары қолға алынуда
Сырдария өзенінің деңгейі төмендеуімен қатар, қыс-көктемде жауын-шашын да аз түсіп, жайылымдарда көк шықпай қалған. Сондықтан өңір шаруаларын жем-шөппен қамтамасыз ету шаралары қолға алынып жатыр. Ал мал басын сақтандырғандарға тиісті өтемақы қарастырылған.
Өлген малдардан жұқпалы ауру белгілері байқалмаған. Дегенмен ветеринария мамандары мал шығыны болған 8 елді мекенді аралап, сынамалар алды.
Әнуарбек Дәрмағамбетов, Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
- Жылқы ауруына, гастрофилез ауруына сынама алынды және мүйізді ірі қара ауруынан алты бастан сынама алынып, «судан өлді» деген де болжам бар. Судан да сынама алынып, зертханаға өткізілді. Енді осының қорытындысын күтеміз.
Жайылымды суландыру жұмыстары да қолға алынып отыр. Ескі 49 су ұңғымасының көзі ашылмақ. Аймақ басшысының тапсырмасына сай аралдық шаруалардың мал азығы мәселесін шешудің жүйелі жоспары жасалған. Мәселен, әр аптаның сенбі күні Арал ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жем-шөп нарық бағасынан 10-15% арзан бағада сатылады. Сондай-ақ алдағы қыстың қамына да осы бастан кіріскен.
Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары:
- Аудандағы мал басына қарай есептегенде бізге 7520 тонна шөп қажет және ауданға шөп тасымалын ұйымдастыру үшін көршілес Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, сонымен қатар Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Бүгінге дейін ауданға 116 тонна жоңышқа жеткізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралуда. Ал мал басын сақтандырғандарға заң аясында тиісті өтемақы беріледі.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов