Атырау малшылары төрт түлікке су тауып бере алмай отыр
Оның кесірі малшыларға тиіп отыр. Жазда шаруалар малды аудан орталығына апарып бағады. Ал тасымал су бағасы аспандап кеткен.
Бейсенбай Жанесенов сәскеде жылқысын суатқа жеткізіп үлгерді. Енді кешіксе, су лайланып, малға жарамыз болып қалады екен. Жалпы мал ұстайтын исатайлықтар жаз бойы суат бойын қорып, шама келсе малдарын тұнықтан суарып алуға тырысады. Себебі су жеткілікті болғанымен, таяз каналдар мал түссе лезде лайланып қалады.
Бейсенбай Жанесенов, малшы:
- Каналдың сапасы төмен болып тұр. Оны қазып тереңдету керек. Су жарып кетіп жатқан жерлері бар. Соларды бітеу керек. Жазға қарай шіриді. Шіріген суда түрлі құрт, паразиттер болады, оны ішкен мал ауру болады.
Ауданды сумен жабдықтайтын «Қазсушар» мемлекеттік мекемесінің балансында екі үлкен канал бар. Алайда олар қаражаттың тапшылығынан көп жылдан бері тереңдетілмей қалған. Салдарынан құны алтынмен пара-пар тіршілік нәрі текке рәсуа болуда.
Шеген Ниетәлиев, «Қазсушар» РМК өкілі:
- Біз суды жеткізгенімізбен, су баратын «Ақбас» каналы мен «Манаш» катлованы теңіз бойында орналасқан, соның бәрін толтыру үшін көп уақыт кетеді. Енді бұл Жайық өзенінен мотормен айдалатын болғандықтан, бірнеше кезеңге бөлініп айдалады. Су жылып кетсе, малды ауру қылуы мүмкін. Су көгеріп кетеді.
Екі негізгі каналдан өзге ауданның коммуналдық меншігінде бес суландыру жүйесі бар. Олар негізгі арнамен келген суды шаруалардың қажетіне қарай бөліп, үйлестіріп отырады. Бірақ олар да жөндеусіз қалған. Былтыр жасақталған жобалық сметалық құжаттары әлі күнге мемлекеттік сараптамадан өтпепті.
Еркебұлан Әбілқасымов, аудан әкімінің орынбасары:
- Аудан орталығынан 40 км қашықтықта орналасқан «Қызылүй» каналы бар. Ең бірінші кезекте жөндеуді сол канал қажет етіп отыр. Ол бойынша облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім жолданды.
Осындай қиындықтарға қарамастан, бір ғана Исатай ауданында 258 шаруа қожалығы тіркелген. Олар әзірге өзек жағалап күнелтіп жүр.
Биыл тариф тағы да қымбаттады. Қазір мұнайлы өңірде егістік пен жайылымға шығарылатын 1 текше метр судың бағасы – 24 теңге. Сатулы су тамыз айында 29 теңгеге көтеріледі деп жоспарланған. Сол қымбат судың өзін жеткізу оңай шаруа емес. Облыста мал және егін шаруашылығын суландыруға арналған 15 ірі канал бар. Олардың 13-і күрделі жөндеуден өткізіліпті. Бірақ оның шығыны шаруалар үшін өте қымбатқа түсетін түрі бар. Себебі мемлекет бөлетін субсидия тек егін мен жайылымға шығарылатын суға төленеді.
Авторы: Арыстанбек Кенже