Қызылорда облысы алдағы уақытта күріш қана емес, қызанақ, ет пен жұмыртқа өндіретін орталыққа айналмақ
Өңір алдағы уақытта күріш қана емес, қызанақ, ет пен жұмыртқа өндіретін орталыққа айналады. Осы бағытта 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде мәлімдеді. Ауыл кәсіпкерлігін қолдау, білім саласын дамыту, жаңа нысандар салу бойынша да нақты жоспарлар бар.
Қызылорда облысы каронавирустың таралуы бойынша қазір «жасыл» аймаққа еніп, өзінің тіршілігін түзеуге, егістікті әртараптандыруға бет алған. Гүлшара Әбдіқалықова бірінші кезекте осыған тоқталды. Өңір диқандары үшін қазір басты мәселе судың тапшылығы.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- Су 555 куб секундына облысқа келіп жатыр. Ол күрішті бірінші бастыруға мүмкіндік берді. Әрі қарарай Экология министрлігімен, үкіметпен жаз айларында сумен күріш, басқа да дақылдарды қамту үшін жұмыс істейтін боламыз. Бізде арнайы штаб құрылды.
Қызылорда өңірінде егістіктен бөлек 7 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Алдағы бес жылда құны 500 миллиард теңгеден асатын 41 инвестициялық жоба іске асырылады. Ол қызанақ өнімдерін өндіру, құс фабрикасын салу. Сондай-ақ өңір кәсіпкерлері сусындар мен шырындар шығаруға да ниетті. Сыр елінде биыл 6 мектеп пайдалануға беріліп, 48-і қайта жаңғыртудан өтеді.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- Білім беру саласында апатты мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда осындай 3 мектеп бар. Биыл бір мектепті іске қосамыз. Апатты мектептің орнына біреуін салуды жалғастырамыз. Бұдан басқа 3750 орындық тағы 5 мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ өңірде ауыл балаларының игілігі үшін 5 спорт кешені салынады. Әкім есебінде ерекше айтылған тағы бір нәрсе облыстағы кәсіпкерлер санының артқандығы. Тек осы жылдың бес айында ол 7% өскен.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы