Елімізде коронавирусқа қарсы жаңа вакцина шығарылды
Екпені сынақтан өткізу үшін еріктілерді анықтап, алғашқы кезеңіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Отандық вакцинаны клиникалық зерттеу жұмыстары Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының базасында жүргізілмек. Сынақ екі фазада өтеді. Оған 18 бен 50 жас аралығындағы адамдар ерікті түрде тартылып жатыр. Вакцина салынбас бұрын әрбір тұрғын жіті медициналық тексерістен өтуі тиіс.
Нұрлан Әбілдаев, қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:
- 44 адамға екпені бір күнде салуымыз керек. Ол вакцина жолда келе жатыр. Екпе салдыратын 44 адамды жинаймыз қалай жинаймыз, соның ертесіне вакцина саламыз. Ол бір аптаға созыла ма? Он күнге созыла ма? Әзірге белгісіз.
Зерттеудің екі кезеңінде жалпы саны 244 адам қатысады. Алғашында екпені 44 адамға салып көреді. Олар 6 ай бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Скрингтік тексеру жұмыстары басталды. Оған 30 шақты адам ниет білдірген.
Рита Омарова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып хабар берілді. Өз еркіммен осы вакцинаны салғызуға келіп тұрмын. Үйдегі екпе салғызбаған туған-туысқандарымды да шақырдым.
Жаңа вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген. Ғалымдардың айтуынша, жаңа вакцина суббірлікті. Яғни мұнда тірі вирус қолданылмайды. Оны адамдарға салмас бұрын тышқан мен маймылдарға салып көрген. Мамандар жануарлардың жеңіл қабылдағандығын айтып отыр. Алайда адам ағзаға түскен препаратты әртүрлі көтеруі мүмкін. Оған әлеуметтік орта, иммунитет пен климат та әсер етеді деп отыр.
Берік Хайруллин, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
- Клиникалық зерттеудің бірінші фазасы аса маңызды. Бұл препараттың қауіпсіздігі мен нәтижелілігін анықтауға мүмкіндік береді. Алдын ала болжам бойынша бұл екпе біріншісінен де жеңіл болады деп күтілуде. Сондықтан барлығы алдағы жұмыстардан кейін белгілі болады.
Бұл вакцина да адамға екі рет салынады. Олардың арасы 21 күнді құрайды. Әзірге балаларға, жүкті әйелдерге, диспансерлік тіркеуде тұрған созылмалы ауруы бар адамдарға салынбайды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев