Таразда әлеуметтік кәсіпкерлердің халықаралық форумы өтті
Тың бастама мемлекет пен кәсіпкерлердің мүмкіндігін пайдалана отырып, аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Шараға Түркия, Ресей, Израиль, Үндістан сынды әлемнің 10 шақты мемлекетінен сарапшылар мен экономика саласының ғалымдары қатысып, отандық бизнес өкілдеріне кәсіпті дамытып, оны сауатты жүргізу жөнінде ақпар берді. Облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық форум бірінші кезекте қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Оған осы салада белсенді еңбек етіп жүрген өңірдің белді кәсіпкерлері қатысты. Сарапшылармен онлайн байланыс орнатылып, өзара тәжірибе алмасты.
Рауан Раульбеков, әлеуметтік кәсіпкер:
- Бұл салада ең бастысы пайда табу емес, әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлу керектігін түсіндім. Кәсіпті жүргізе отырып, мұқтаж жандарға жәрдем көрсету аса маңызды. Әсіресе оларды бизнеске тартып, іс бастауға мүмкіндік беру қажет. Бұған мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр.
Бұл бастамаға 500-ге тарта кәсіпкер қызығушылық білдірген. Олардың 80% осы форумға тіркеліп, пайдалы ақпар алды.
Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:
- Соңғы кездері әлеуметтік кәсіпкерліктің өзектілігі артып отыр. Ниет білдіріп, жоба ұсынушалар да көбейген. Қазір біздің қоғам өкілдері алғаннан гөрі беру жағына бет бұра бастады. Мұндай бастамаларды мемлекет қолдауға дайын болу керек. Бұл мемлекетке түсіп отырған бірқатар жүктемені азайтады.
Қазір елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы заң жобасы әзірленген. Форум барысында құжаттағы өзгерістер түсіндірілмек.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Бұл – заңдағы ең үлкен мәселе. Біріншіден, осы әлеуметтік кәсіпкерлердің статусын анықтау. Енді біз өңірге мемлекеттің қолдауын пайдалана келе, кәсіпкерлердің әлеуметтік жағына да көңіл бөлеміз.
Форум мемлекет пен кәсіпкерлердің мүмкіндігін пайдалана отырып, аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейді. Өңірде бүгінгі күнге дейін тек кәсіпкерлердің көмегімен 83 мыңдай аз қамтылған, көпбалалы, мұқтаж жандарға 37 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан