Қостанайлықтар бруцеллез анықталған малын етке тапсыруға келісті
Тұрғындар ауру деп танылған малын тапсыруға келісті. Алайда көбінің көңіліндегі күдік сейіле қоймаған. Себебі мал сою пунктінде бруцеллез анықталған жоқ. Ауылда әлі күнге дейін шектеу шаралары енгізілмеген.
Үш ай бұрын Сатай ауылында 24 бас малдан бруцеллез анықталған еді. Бірақ ірі қаралардың тіркеу нөмірлерінің сәйкес келмеуі, бастапқы тексерісте сау делінген малдардың кейін ауру болып шығуы тұрғындардың күдігін тудырған.
Болат Меңдіғалиев, Сатай ауылының тұрғыны:
- «Бір малың ауру болып шықты», - деді. Мен: «Ойбай-ау, бұл сиырдан мүлдем қан алған жоқсыз ғой, қалай ауру қылып шығардыңыз?», - деймін. «Қағазда қателесіп кеткен шығар», - деді. «Онда бәрінен қан алыңыз», - дедім. Бәрінен алды. Бір кезде алты сиырымның алтауы да ауру деген қағаз келіп тұр.
Облыстық ветеринария басшылары ауылдағы жас маманның қателігі болғанын мойындап отыр. «Бірақ үш қайтара тексеру малдардың бруцеллезбен ауыратынын дәлелдеп берді», - дейді олар. Екі айға созылған текетірестің соңында тұрғындар малдарын етке тапсыруға көнді. Бұл кезде де арада келіспеушіліктер туындаған.
Юлия Козлова, Сатай ауылының тұрғыны:
- «Ветеринарлар біз айтқан мал сою пунктіне апарасыңдар», - дейді. Әрине, оған келіскен жоқпыз. Екі сағат ауданда ұстады. Сосын прокуратураға шағым жазамыз деген соң ғана жіберді. Кейін Қостанайға апарып өткіздік.
Бруцеллез үш ай бұрын анықталса да, ауылда әлі күнге шектеу шаралары енгізілмеген. Әкімнің айтуынша, ондай шешім шығару ұзақ уақытты қажет етеді.
Юлия Новотеева, Сатай ауылының әкімі:
- Ондай нормативтік-құқықтық актіні қабылдаудың өзіндік кезеңдері бар. Қазір ол аймақтық инспекция, санитарлық эпидемиологиялық станция сияқты мекемелердің келісімінен өтіп жатыр. Сосын әділет министрілігіне жіберіледі. Ол жерде он күннің ішінде шешім қабылданады.
Ал ет комбинатында буын ісіктері, тері іріңі сияқты аурудың ашық белгілері болса ғана, бруцеллез деп таниды. «Қалған жағдайда өтемақы да берілмейді», - дейді ветеринария басқармасындағылар.
Мал ауруы шықты дегеннен бері бұл ауылды белгісіз біреулер торуылдай бастаған. Олар кімдікі, қанша мал бруцеллез екенін иелерінен бұрын біліпті. Бұл ақпарат алып-сатарлардың қолына қалай түскенін анықтау үшін құқық қорғау органдарына шағым түсірілген. Полицияның жіберген жазбаша жауабына қарағанда, ол үшін заңда ешқандай жаза қарастырылмаған. Сондықтан тергеп, тексергеннен нәтиже жоқ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг